Маңғыстау облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов биылдан бастап мемлекеттік қызмет туралы заңға бірқатар жаңашылдықтар енгізілгендігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
Ендігі ретте жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған жастар аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданады.
Жаңашылдықтың басты мақсаты - мемлекеттік қызметке орналасудағы кедергілерді жою.
- ЖОО-ның үздік грант иегерлері конкурстық іріктеуден өтпей-ақ, аудандық немесе ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметтің төменгі сатысына жұмысқа орналаса алады. Бұл өз кезегінде, аудандар мен ауылдарда жас мамандардың қажеттілігін азайтуға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке тұру процестерін жеңілдетуге септігін тигізеді, - дейді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Екінші жаңашылдық уәкілетті органның келісімі бойынша конкурстық іріктеусіз жоғары лауазымдарға тікелей тағайындау мүмкіндігі беріледі. Бұл өз кезегінде тікелей басшылардың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігін күшейтпек.
Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалмақ.
-Төртіншіден, екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді, - дейді Тоқтамыс Жұмағұлов.