Қазақстанда жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында бензин мен дизель отынының бағасы көтерілді. Бұл туралы Каспий өңірінің мұнай-газ жобалары бойынша сарапшысы және Еnergy Monitor редакторы Нұрлан Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
ҚР энергетика министрлігі 12 сәуірден бастап бензин мен дизель отынының құнын көтерді. Бұған басты себеп көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен салыстырғанда жанар-жағармай бағасындағы үлкен айырмашылық болып тұр.
- Шетелдік көліктер Қазақстанда арзан жанармай құюды жөн көреді. Елімізбен салыстырғанда дизель отыны Ресейде 45% – ға, Қырғызстанда 64% – ға, Өзбекстанда 2 есеге қымбат. Осының нәтижесінде арзан отын көрші елдерге түрлі жолдармен тасымалданады. Ресейдегі, сондай - ақ Қырғызстандағы автокөлік нарығының ахуалы мен аумағын ескерер болсақ, елімізде сөзсіз отынның тапшылығы туындайды, - деді Нұрлан Жұмағұлов.
Айта кетейік, жанармай бағасы соңғы рет 2021 жылдың күзінде өзгерген.
- ЖЖМ құнын көтермесек, мұнай өнеркәсібі пайда көрмейді. Нәтижесінде инвестициялар барлауға, өндірістік жабдықтарды жаңартуға, жалақыны көтеруге қаржы тапшылығы туындайды. Бүгінгі таңда мемлекет өндірілген мұнайдың 70 пайызын ішкі нарыққа бағыттауды міндеттейді. Бірақ сыртқы және ішкі нарыққа бағытталатын мұнай құнының арасында үлкен айырмашылық бар. Біз бұдан пайда таппаймыз. Мұнай өнеркәсібі елімізді субсидиялап отыр, оларға ішкі нарық үшін мұнай өндіруө тиімсіз, - деді Нұрлан Жұмағұлов.
Сарапшының айтуынша, еліміздің мұнай-газ саласы инвесторлар үшін қызықсыз. Соңғы 15 жылда Қазақстанда жаңа кен орындары барланбады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі жанар-жағармай бағасын субсидиялау үшін өндірілген мұнайдың бір бөлігін МӨЗ-ге жеңіл бағамен жібереді.
- Мемлекеттік реттеу нәтижесінде біз мұнай-газ саласының дамуына кедергі келтірудеміз. Соңғы 15 жылда бірде-бір инвестор мұнай-газ кен орнын барлауға қаржы құйған жоқ. Тіпті қытайлықтар бұл салада пайда болмағандықтан инвестициялауды тоқтатты. Өндірілген мұнайдың 50 пайызын өзіндік құны бойынша ішкі нарыққа қою керек. Егер газ болса, оны өзіндік құны бойынша «Қазтрансгазға» сату керек. Қазақстан бүгінде инвесторлар үшін тартымсыз, - деді сарапшы.
Айта кету керек, дизель отыны ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады. Жыл сайын көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезеңінде дизель отынына акциз мөлшерлемесінің төмендеуі байқалады.
- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына 400-450 мың тонна отын төмен бағамен жеткізіледі. Литрмен бұл дизель отыны 205 теңгені құрайды. Тиісінше, егер бір жылды есептесек, онда мұнайшылар миллиард литр отынды төмен бағамен қамтамасыз етеді. Көктемде және күзде Энергетика министрлігі мұнайшылардан ішкі нарыққа көбірек мұнай жіберуді сұрайды. Сәйкесінше ҚазМұнайГаз және Petrosun ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ЖМҚС атына жеткізуді толық қамтамасыз етуді сұрайды. Сонымен қатар, өнеркәсіптік кәсіпорындар бар — бұл тау-кен компаниялары, олар мұнай өнімдерін көтерме бағамен, атап айтқанда дизель отынын сатып ала алмайды. Өйткені дала жұмыстары кезінде толық дизель отыны ауыл шаруашылығы өндірушілері мен жанармай құю станцияларына жіберіледі. Энергетика министрлігі тау-кен компаниялары мен мұнай компанияларының Ресейден тікелей импортталуын қалайды,бірақ бағасы қымбат. Жағдайды қандай да бір жолмен жеңілдету-бағаны өсіруде, - деді сарапшы
Сондай-ақ, Нұрлан Жұмағұлов бағаны белгілеу мұнайдың құнына байланысты екенін айтады.
- Барлық мұнай өндіруші компаниялар жыл сайын жалақыны индекстейді. Сонымен қатар көптеген материалдар сырттан тасымалданатынын ескеру қажет. Ал мұнайдың құны жыл сайын көтерілуде. Мұнай компанияларының өз несиелері, әлеуметтік міндеттемелері бар. Сонымен қатар мұнай сервис бағасы өсіп келе жатыр. Ерте ме, кеш пе мұнай өндіруші компаниялар жаңа кен орындарын барлауды тоқтатуы мүмкін. Бұл өнімділік деңгейінің төмендеуіне әсер етеді. Мысалы, былтыр мұнай бағасы 300 мың теңгені құрады, ал ішкі нарықта орташа баға 95 мың теңге жобасында болды. Демек, мұнай компаниялары ішкі нарықты субсидиялау арқылы пайда таппайды. Сонымен қатар, еңбек жағдайын жақсартуды, техниканы жаңартуды талап ететін қызметкерлер де бар екендігін ескеру қажет, - деді Нұрлан Жұмағұлов.