Күні кеше Жаңаөзен қаласынан су тасқыны болған Құлсары қаласына жолға шыққан отыздан астам арнайы техника діттеген жеріне жетті, деп хабарлайды mangystumedia.kz.
«Өзенмұнайгаз» АҚ мен Маңғыстаудың құрылыс компанияларының техникалары Құлсарыдағы су жүру қаупі бар аймақтарға бөгет салу жұмыстарына жұмылдырылды. Жұмыс 6 бағыт бойынша жүруде. «Жаңаөзеннен бір топ мұнайшы жігіттер, белсенді азаматтар да көмектесуге келді. Көз ілместен келе сала жұмысқа кірісіп кетті»,-дейді «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қызметкері, айтыскер ақын Арғынбек Қалбаев.
Құлсарыға көмек қолын созуға барғандардың бірі Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты, мұнайшы Қосай Ізтілеуов бүгін 20 автобус пен 15 такси тасқын судан зардап шеккен құлсарылықтарды Маңғыстауға тегін алып кеткенін жеткізді. Сондай-ақ Жаңаөзен кәсіпкерлері атынан Құлсарыға 10 тонна азық-түлік тиеген 7 газель автокөлігі жетті.
Атырау облысының тұрғындары сын сағатта қолдау білдіріп, табиғи апатты еңсеруге барынша жұмыстанып жатқан маңғыстаулық азаматтарға алғыс білдірді.