Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Рахат, Кендірлі ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рахат ауылында 3 орта мектеп, 8 балабақша бар. Сондай-ақ 250 келушіге арналған емхана жұмыс істейді. Жалпы Рахат ауылында 35 мыңнан астам адам тұрады. Осыған байланысты мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі - әлеуметтік нысандарды салу.
Былтыр «Мерей» шағынауданында «Зерде» жекеменшік бастауыш мектебі ашылды. Онда 200-ден астам оқушы білім алады.
Ауылда денсаулық сақтау нысандары да салынуда. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында отбасылық дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Дәрігерлік амбулатория 50 тұрғынды қабылдауға қауқарлы. Онда жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен гинекологтардан кеңес беріліп, стоматологиялық қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар биыл наурыздың соңына дейін Рахат ауылының тұрғындары үшін көпфункциялы спорт алаңы мен ангар типтегі спорт кешені салынады.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы 13 мыңнан астам тұрғыны бар Кендірлі ауылында болды. Ауылда 2 орта мектеп, 1 балабақша бар.
Ауыл әкімі Мекен Үйсеновтің айтуынша, 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылда 300 орындық мәдениет үйі салынды. Онда 17 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, жыр-терме, күй, хореография, мобилография, вокал, қолөнер, домбыра , гитара, арт-терапия үйірмелеріне 234 оқушы қатысады. Сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылардың үйірмеге тегін қатысу мүмкіндігі бар.
Кендірлі тұрғындары спорттық ойын алаңдары мен воркаутты тиімді пайдаланып жатыр. Алайда, ауыл жастары үлкен спорт кешені жетіспейтінін атап өтті.
Кендірлі ауылының әкімі «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылда жаңа спорт залы салынып жатқанын нақтылады. Нысан 2023 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.
Облыс әкімімен кездесуде Рахат және Кендірлі ауылдарының тұрғындары жұмыспен қамту, қаңғыбас иттерді жою, жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ коммуналдық қызмет мәселелерін көтерді.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасатынын атап өтті.
- Біз барлық деңгейдегі кездесулерде ауылдың жағдайын жақсартуға, балалардың болашағына қатысты сауалдарды жиі естиміз. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы азаматтардың сауатты, мәдениетті, бәсекеге қабілетті болуы керек екендігін ескере отырып, "Жайлы мектеп" бағдарламасын қабылдады. Маңғыстауда 2025 жылға дейін 24 мектеп салынады. Соның үшеуі Жаңаөзенде бой көтереді. Мектеп құрылымы, оқу-әдістемелік құрал жабдықтары заманауи үлгіде болады. Осылайша, мектептердегі оқу процестерін ұйымдастыруымыз керек. Сіздер айтып отырған мәселелерді жасыруға болмайды. Сондықтан халық пен билік бірлесіп жұмыс істеуі керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Халықпен кездесуден кейін өңір басшысы Рахат және Кендірлі ауылдарының азаматтарын жеке қабылдады.