Ақтауға Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Музыкалық жас көрермен» театрының 70-ке жуық әртісі гастрольдік сапармен келді. Олар 20-26 сәуір аралығында көрермен назарына отандық авторлардың драматургиясы бойынша сахналанған қойылымдарын ұсынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингке сілтеме жасап.
Театр директоры Асхат Маемировтың айтуынша, өнерпаздар көрермен жүрегіне берік орныққан отандық авторлардың туындылары бойынша сахналанған 6 қойылымды паш етеді. Атап айтқанда, М.Әуезовтің «Абай -Тоғжан», Д.Исабековтің «Гауһартас», М.Омарованың «Шәмші», М.Мақатаевтың «Ғашық жүрек», М.Қолқанаттың «Махаббат бар ма?», М.Омаровның «Chanel №5», қойылымдарын көрермен назарына ұсынады.
-Үш жыл бұрын елордамызда ашылған театрымыздың ең алғашқы гастрольдік сапарын батыс өңірінен бастадық.
Атырау, Құлсары, Орал қалаларынан кейін Маңғыстау өңіріне сапарлап келдік. Биыл Ақтау қаласына 60 жыл, ал Маңғыстау облысының құрылғанына 50 жыл. Еліміздің өнер кеңістігінде өз бет-бейнесі қалыптасқан Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ашылғанына 20 жыл. Осындай айтулы мерейлі шара аясында шығармашылық байланыс пен әріптестікті нығайту үшін Ақтауға арнайы келдік. Өнерімізді айрықша қадірлеп, ерекше ілтипатпен қарсы алғандарыңызға қуаныштымыз. Театр труппасында көрермен көзайымына айналған еліміздің сахна және кино кеңістігіндегі танымал әртістер еңбек етеді. Мәселен «Гауһартас» қойылымында басты кейіпкер Қайыркен бейнесін Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұрмағанбетов, Тастанды - Оразалы Игілік, Салтанатты - Инабат Ризабекова сомдайды, - деді Асхат Маемиров.
Брифинг барысында музыкалық жас көрермен театрының әртісі Дінислам Нұрмағанбетов «Гауһартас»қойылымына екі ай көлемінде қызу дайындық жүргізгенін айтады. Ал, актриса Қалима Наушабаева театр әртістерінің өнеріне тәнті көрермен жайлы сөз қозғады.
-Бұл шығарма махаббат пен мейірімділікке үндейді. Отбасыдағы бірлік пен сыйластық, бақыт пен берекеге бастайтындығын ұғындырғысы келеді. Жаныңа жақын жандарды шынайы бағалау, қадірін түсіну жөнінде ой түйіндейді. Мен «Гауһартас» қойылымында ананың рөлін сомдаймын. Әрине, бірқатар қиындықтар болды. Дегенмен үздіксіз дайындық өз нәтижесін берді дегім келеді. Сүйікті көрермендерімізді өнерімізді тамашалауға Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрына шақырамын, - деді Қалима Наушабаева.
Айта кетейік, қойылымдар 26 сәуірге дейін жалғасады. Толық ақпаратты +77292601004 нөміріне хабарласып біле аласыздар.