Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кәмелетке толмағандардың заңды өкілі - қорғаушысының апелляциялық шағымына сәйкес үкімді қайта қарады. Бұған дейін сот 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімін шығарған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бірінші сатыдағы сот азаматша Н.-мен бірге тұратын М. есімді күдіктіні бірнеше мәрте оның балаларына қатысты азғындық, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін кінәлі деп таныды. (ҚК 124-бабының 3-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі).
Осы қылмыстардың жиынтығы бойынша оған 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда зардап шеккен балалардың анасының қорғаушысы қайта шағым түсірді. Апелляциялық шағымда адвокат тағайындалған жазаның жұмсақтығына назар аударды, М. - ға қатысты үкімді өзгертуді және оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот тағайындаған жаза М.-ның 2 жас балаға қатысты аса ауыр қылмыс жасаған әрекетіне сәйкес келмейтінін анықтады.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен М.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілінің - қорғаушының апелляциялық шағымы қанағаттандырылды. Істің жабық режимде қаралуына байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.