Yessenov University ғылым және технологиялар факультеті жаратылыстану кафедрасының ұйымдастыруымен 8-10-сынып оқушыларының арасындағы «Жас зерттеуші және жаратылыстану ғылымдарының дамуы» атты І Республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Конкурсқа еліміздің түрлі облыстарынан, Назарбаев Зияткерлік мектептерінен химия, биология және география секциялары бойынша жалпы 58 жұмыс тіркелді. Іріктелу нәтижесі бойынша конкурстың 3-кезеңіне 24 ғылыми жоба жолдама алып, бүгін қорғалды.
Ғылымның дамуына тікелей үлес қосатын бастама мектеп оқушылары екені сөзсіз. Себебі, мектеп кезінен ғылымға құштар, жаңа идеяны іске асыруға дайын оқушылар болашақта қазақтың мықты ғалымдары болары анық.
Шара аясында түрлі бағытта қызықты да жаңалығы мол ғылыми жобалар қорғалды. Факультет деканы Бағдат Ягалиева мен ғылым және зерттеу басқармасының басшысы Самал Сырлыбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, марапаттау рәсімі өтті.
Қатысушылар жүлделі орындармен, сонымен қатар, конкурсқа белсене қатысқан барлық оқушы сертификатпен марапатталды. Құттықтаймыз!
Бүгінгі ғылыми жобаның қатысушылары мықты химиктер, биологтар және географтар екеніне бәріміз бірдей куә болды.
Шараны қорытындылап, жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі Эльвира Сағындықова және конкурсты ұйымдастырушы Мәншүк Ибраева құттықтау сөз сөйлеп, келген ұстаздар мен оқушыларға алғысын білдіріп, шараның алдағы жылдары жалғасын табатынын айтты.