Жаңаөзенде мемлекеттік бөбекжай қызмет көрсету мекемесіне уақытылы төлем жүргізбеген, ал "Өзенэнергосервис" МКК кәсіпкердің бизнес-орталықты электр желілеріне жалғануға берілетін техникалық шарттар бойынша өтінімін қарау кезінде оны негізсіз әуре-сарсаңға түсірген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бөбекжай директоры күзет қызметін көрсететін мекемеге 640 мың теңге көлемінде ақшалай берешегі болған. Антикор ьараптар арасында кездесу ұйымдастырып, нәтижесінде бизнес өкіліне ақша толығымен өтелді.
"Өзенэнергосервис" МКК кәсіпкердің жазбаша өтініштеріне жауап бермеді. Департамент аталған мекеменің өкілдерімен кездесу өткізді, нәтижесінде Жаңаөзен қаласындағы "Салтанат" бизнес орталығына электр желілеріне жалғау туралы шешім қабылданды.
"Департамент анықтаған кемшіліктерді жою жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бақылаушы органдардың рұқсаттарын беру кезінде, сондай-ақ мемлекеттік қолдау (кредиттер, гранттар, субсидиялар) алу кезінде түрлі мәселелер туындап, әкімшілік кедергілерге тап болған барлық бизнес иелерін Департаментке жүгінуге шақырамыз. Егер сіз сыбайлас жемқорлық фактілері туралы білсеңіз, тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 тегін нөмірі бойынша мыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына хабарласа аласыз", - деп хабарлады Антикор.