Маңғыстауға арнайы келген Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Премьер-министр Әлихан Смайылов, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев SVEVIND Energy Group» компаниясының жобасымен танысып, зауыт құрылысының басталу рәсіміне де қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоспар бойынша Қазақстан 2030 жылы алғаш рет жасыл сутегін жаңартылатын баламалы энергия көздерінен алынған энергияны қолдана отырып өндіруді көздеп отыр. Бұл жоба Маңғыстауда күн батареялары мен жел генераторлары арқылы 40 гигаватт қуат алынып, жүзеге асырылмақ.
Осы орайда энергия Каспий теңізінің жағалауындағы жасыл сутегін өндіретін электролизерлерді іске қосады. Сонда зауыт жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіруге қауқарлы болады деп күтілуде.
«Бұл 2030 жылы Еуроодақ тұтынуы мүмкін барлық сутегі көлемінің 20 проценті. Аймақтың экспорттық әлеуетін ескерсек, Маңғыстау өңірінен алынған сутекті экспорттау ыңғайлы және қолайлы болмақ. Сол мақсатта кәсіби техникалық қажеттілік бойынша мамандар дайындау үшін оқу бағдарламасына жаңа бағыттар қосуға сұраныс туындап тұр, - дейді мамандар.
Ал жаңадан құрылатын қазақ-неміс инженерлік институты «жасыл» сутектің құн тізбегіндегі «білім үшбұрышына» (білім беру, зерттеу, инновация), сондай-ақ Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына басымдық беретін болады.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысында кәсіпорын құрылысы кезеңінде 3500-ге жуық жұмыс орны құрылып, кезең-кезеңімен іске қосылған кезде өндірісте тағы 1800-ге жуық жаңа жұмыс орны пайда болады.