Ақтауда тұрғындар пәтерді бүрге қаптағанын айтып, шағымдануда. Әсіресе, қаланың төменгі аймағын жәндіктерден зардап шегуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әлеуметтік желіде 2, 3, 5, 6, 8, 13, 14 және 27 шағынаудандарының тұрғындары жәндіктердің қаптағанын айтып, сервистік компаниялар мен әкімдікке жертөлелерді дезинфекциялауды сұрады.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, қазірдің өзінде жертөлелерді бүргелерден санитарлық тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір үйде дезинфекция бірнеше рет жүреді.
«Мәселен, 6 шағынаудандағы №33 үйде жертөлені бүргеден тазарту жұмыстары алтыншы рет жүргізілуде. Негізінен тұрғындар көшедегі қаңғыбас жануарлардан, балалардың ойын алаңдары мен тұрғын үйлердің маңайында бүргелер жиі пайда болғанын айтып отыр», - дейді инспекция.
Жануарларды қорғаушылардың пікірінше, жәндіктердің басым болуына жануарлар себепші емес. Тұрғындарға ылғалды және нашар желдетілетін жертөлелерден пайда болатын жер бүргелері шабуыл жасайды.
«Қаңғыбас жануарлар бұған дейін де болған. Бірақ неге дәл осы жылы бүргеден осындай проблема туындады? Біз бәріне жануарларды кінәлаймыз. Бірақ ПИК өзінің кінәсін көрмей отыр. Былтыр қанша жертөле бітеді? Ауа айналымы болу, бұл дұрыс емес деп қанша рет ескерттік. Бірақ мысықтар кіріп кетпесін деп бәрін бітеп қойды. Ауа айналымы болмай, ылғал болғандықтан, бүрге пайда болады. Мысықтарды аңдығанша, жертөлелердің жағдайын бақылау керек», - дейді зооқорғаушы Ирина Болатова.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы мамандарының айтуынша, қазірдің өзінде ЖЭК және ПИК жертөлелерін дезинфекциялау туралы тапсырма берілген.
«Тұрғындар үйіне қызмет көрсететін компанияға – тұрғын үй және қызмет көрсету кеңсесіне, ПИК-ке жүгініп, санитарлық эпидемиологиялық станциясымен жасалған келісімшартты талап етуі керек», - деп хабарлайды әкімдік.
Алайда Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитарлық тазалық бұдан былай олардың функциясына кірмейтінін баса айтты.
«Бұл құзіреттілік бізден алынып тасталды. Қазір жертөлелерге қарамаймыз. Көшенің тазартылуына келсек, әкімдік барлық көше мен аумақты үздіксіз дезинфекция және дератизация жұмыстарын жүргізуді жоспарлауы керек еді. Алдымен қаланы тазалап, сосын айына бір рет профилактикалық жұмыс жүргізуі керек. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай жұмыс жоқ», - дейді Ақтау қаласының бас санитарлық дәрігері Әсима Жарылғасова.
ПИК тек жертөлелерді және жалпы үйге тиесілі бір метр қашықтықтағы аумақты ғана тазарта алады. Одан кейінгі аумақ қаланың еншісінде. Оны кім шешеді, белгісіз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде түсіндірілгендей, Ақтауда мұндай ұйым жоқ.
Айта кетейік, бүгін 14 шағынаудандағы үйлердің бірінде «ПИК» мекемесі тұрғындардың өтініші бойынша жертөлелерді тазартуға кірісті. Түтін пайда болған кезде тұрғындар қызмет көрсету ұйымына арыз жазып, полиция мен төтенше жағдайларды шақырған. Соның салдарынан дезинфекциялау жұмыстары тоқтатылған.