Тұтынушылар электр қуатын тиімді пайдалану Ережелерін сақтауы үшін жəне энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ оның шектен тыс шығынын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «МӨЭК» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, электр қуатын заңсыз тұтыну деректерін анықтау және заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту «МӨЭК» АҚ (АО «МРЭК») электр қуатын ысырап етуге тосқауыл қою бойынша кешенді бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Бүгінде мұндай іс-шаралар нақты нәтиже беріп жатыр. Алайда есептеу құрылғыларындағы көрсеткіштерге түрлі əдіс-тəсілдермен өзгерістер енгізу арқылы тұтынушыларды толыққанды электр қуатымен жабдықтау жүйесіне қатер төндіретін жосықсыз тұтынушылар бар.
Электр қуатын ұрлау - бұл тұтынушының электр желісіне рұқсатсыз қосылуы мен электр қуатын есептеу құрылғысындағы көрсеткіштерді манипуляциялау нəтижесінде энергия ресурстарының заңсыз шығынын пайдалану. Заң бұзушылыққа жол беретін азаматтар өзге тұтынушыларға қауіп төндіреді.
Есепке алу құралдарының жұмысына рұқсатсыз қосылу немесе араласу, өзгертулер енгізу, кірістірулердің барлық түрлері қысқа тұйықталуға, өртке, сондай-ақ токка түсуіне септесуі мүмкін. Сонымен қатар, заң бұзушылардың электр желісіне келтіретін зияны тәртіпті энергия тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігіне тікелей әсер етеді.
Сондай-ақ, биыл Қарақия ауданындағы Жетібай және Құрық ауылдарында тұтынушылардың электр энергиясын есепке алмай тұтыну фактілері анықталды.
Мәселен, биыл маусым айында тұтынушылардың бірінде есептеу құралының дискісін жасанды тежеу үшін есепке алу құралында неодим магнитін қолдану фактісі анықталды. Нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көрсеткіштері төмендеді.
МӨЭК қауіпсіздік қызметі мамандарының айтуынша, осы дерек бойынша электр қуатын пайдалану қағидаларының 66-тармағына сәйкес тұтынушыға қайта есептеу жүргізіліп, қосымша 34 457 кВт•сағ қойылды. Бұл ақшалай түрде нақты тұтынылған электр энергиясы үшін шамамен бір миллион теңгені құрады.
МӨЭК АҚ электр энергиясын, сымдарды немесе электр жабдығының элементтерін жымқыру көптеген тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасына тікелей әсер ететінін, авариялық жағдайлардың туындауына және соған байланысты материалдық залалға әкеп соқтыратынын еске салады. Сонымен қатар, кернеудің жоғарылауына және тұрмыстық техниканың дұрыс жұмыс істемеуіне әкелетін бұзушылардың әрекеттері өрттің себептері болуы мүмкін.
- Электр қуатын пайдалану ережелеріне сәйкес электр энергиясын ұрлауға бағытталған есептеу құралдарымен айла-шарғы жасау және басқа да заң бұзушылықтар жосықсыз тұтынушы үшін өте ауыр қаржылық зардаптарға әкеп соғады, - дейді "МӨЭК" АҚ қауіпсіздік қызметінің бастығы Марат Айбергенов.
Қазіргі уақытта компанияның қауіпсіздік қызметі мамандары электр қуатынирұқсатсыз тұтынуды анықтау және жолын кесу жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды жалғастыруда. Шығындарды азайту мақсатында ай сайын электр қуатын есепке алмай және шартсыз тұтынуды анықтау бойынша рейдтер мен халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
"МӨЭК" АҚ мамандары аймақ тұрғындарына 8 (777) 057 00 02 жедел желі телефоны арқылы, сондай-ақ компанияның қауіпсіздік қызметіне: 8 (707)751 96 29 не құқық қорғау органдарына барлық ұрлық әрекеттері туралы хабарлау туралы өтінішпен айтып, бұдан бөлек, энергетиктер Маңғыстау облысының тұрғындарынан электр қуатының үзілуі туралы дереу хабарлауды сұрайды. Себебі, бұл өңірдің энергия нысандарының жабдықтарын ұрлау әрекетімен байланысты болуы мүмкін.