Жақында Ақтауда орын алған тамақтан улану оқиғасынан соң 21 мейрамхана қызметкері тексерістен өтіп, талдау нәтижесінде 7 адамның ағзасынан стафилококк табылған. Сонымен қатар, тексеріс барысында 20 қызметкердің медициналық кітапшасы жалған болғандықтан, ал 4-еуінің медициналық кітапшалары берілмегендіктен, 24 қызметкер жұмыстан шеттетілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме беріп.
Бұл жайлы брифингте Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Ақтаудағы қонақүй мейрамханаларының бірінде ұйымдастырылған ауызашарда уланғандардың жағдайы бүгінде бірқалыпты, ауруханада тиісті ем-дом алған.
Спикер брифингте тамақтан уланудың алдын алу үшін гигиеналық ережелер мен тағамды дұрыс сақтау талаптарын білу қажет екендігін айтып өтті.
-Тұрғындарға айтарым, ең алдымен тағамның түсіне, иісіне және дәміне назар аударыңыз. Көгерген тағамдарды, бүлінген көкөністер мен жемістерді, ісінген консерві банкасы мен пакеттегі шырындарды немесе ашыған сүт өнімдерін ұзақ ұстамай тастаңыз. Сатып алу кезінде өнімнің шығарылу күні мен сақтау мерзімін тексеріп алған жөн. Тағамды дайындау кезінде де гигиеналық ережелерді сақтауға тырысыңыз. Халыққа ескертетін тағы бір жәйт қоғамдық тамақтану нысандарынан немесе тағам өнімдерін сататын сауда орындарынан қандай да бір күдік тудыратын жағдайды байқаса, Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына нақты фактілерді көрсете отырып, жазбаша түрде арыз-шағым қалдыруға болады, - деді Асылбек Шаров.