Ақтау қаласында, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің психолог мамандарымен үш күндік оқу – әдістемелік жиын өткізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Жиын барысында бірлесіп іс-қимыл жасайтын және құқық қорғау органдарының психолог мамандары, сондай - ақ Маңғыстау облысы бойынша «Сарбаздардың аналар кеңесі» төрағасының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
“Соңғы жылдары елімізде жас жеткіншектердің өздеріне қол жұмсап, бүкіл қоғамды дүр сілкіндіруі белең ала бастады. Осындай жайсыз хабарлар Республикамыздың барлық облыстарында орын алуда. Қазіргі таңда осындай дертпен ел болып, жұрт болып бірлесіп күресудің өзектілігі артып отыр. Осыған орай Ақтау қаласында орналасқан Достық үйі – Қазақстан халқы Ассамблеясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының психолог мамандарының бастамасы мен дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Жиынның басты мақсаты суицидтің алдын алу жолдарын анықтап, талқылау еді, - дейді Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Жиынға қатысқан психолог мамандар суицидтің алдын алу бойынша жұмыстарды жан - жақты зерделеді. Сонымен қатар адам баласының өз – өзіне қол жұмсауының негізі неде? Суицидтің алдын алу жолдары қандай? деген секілді көптеген сұрақтарға жауап іздеп тәжірбие алмасты. Дөңгелек үстелде пікір-талас, сараптамалық ізденістер мазмұнындағы ұсыныстармен бөліскен психолог мамандар, жалпы психология саласына қатысты зерделі зерттеулерге де тоқталып өтті.