Маңғыстау облысындағыШетпе кенті мен Қызан ауылы арасындағы тас жол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы «Аманат» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында өткен есеп беру жиынында айтылды. Партияның өңірлік филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаевтың төрағағалығымен өткен басқосуда облыстық және Мұнайды аудандық мәслихатының депутаттары сауал қойып, басқарма басшылары жауап берді. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Киікбай Ешманов өңірдегі Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы аудандарындағы өзекті жол мәселесі туралы сауал қойған еді.
Шетпе-Қызан бағытындағы жолдың төменгі қабаттарын тегістеу аяқталды. Жол салу жұмыстары енді басталды. Жыл соңына дейін жолды толықтай аяқтаймыз. Форт-Шевченко мен Таушық арасындағы 91 шақырым жолды салу 2019 жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта оның жартысы жуығы төселгенімен, қалған жолға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбей қалды. Дегенмен, 2023 жылдан бастап ақша қарастырылып, енді мердігер мекеме бағаның өсіп кетуіне байланысты 2020 жылы төселген жолдың тозуына байланысты жұмыстарды толық аяқтамай отыр. Бізде келісімшарт бойынша шілде айының соңына дейін аяқтау көрсетілген, - деді Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі.
Сондай-ақ, басқарма өкілдері Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылындағы жолдың жайы туралы айтып өтті.
«Басқұдық ауылына 2021 жылы он шақырым жол салынған болатын. Жоба 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінде 10 шақырым жол төселіп, одан кейін көпір салынуы тиіс болған. Алайда көпірдің құрылысы мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды алып, қабылдауға өтпей қалды. Қазір мердігер мекемеге жолдың құрылысына көпірді салу бойынша түзетулер жасалып жатыр. Сол үшін жұмыстар уақытша тоқтап тұр. Негізінен жобаның 95 пайызы толықтай игерілген», - деді басқарма өкілдері.