Ақтауда кәсіпкер №25 мектеп әкімшілігінің әрекетіне қатысты Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне шағымданған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Департамент баспасөз қызметінің айтуынша, мектеп пандус салу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес емес жұмысты қабылдаудан және төлем жүргізуден бас тартқан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті осы мәселе бойынша қала әкімдігі мен мектеп әкімшілігіне ұсыным жолдаған. Содан кейін кәсіпкерге жұмысты қабылдамаудың себебі жазбаша түсіндірілді.
Ақтау қалалық сәулет, қала құрылыс бөлімінің инспекторы Алтынгүл Батырбекқызының және арнайы құрылған жұмыс тобының мәлімдеуінше, кәсіпкер пандусты нормативке сәйкес салмаған. Сондықтан диагональдарын қайта жөндеу талап етілді. Орындалған жұмысының нормативке сай жасалғаны тексергеннен кейін ғана құжатқа қол қойылды. Пандусты қабылдап, кәсіпкерге қаржысы берілді.