Биыл облыстағы 4 мектептің 11-сынып оқушылары түгел мемлекеттік грантқа түсті. Олар Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математика лицейі, Мұнайлы ауданындағы №13 мектеп-гимназиясы, Қызылтөбе лицейі, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы білім басқармасының мәліметінше, Ақтауда физика-математиканы тереңдетіп оқытатын №11 лицейінің 11 «А» сыныпты бітірген 23 оқушы білім грантына ие болды. Оның 19-ы республикадағы университетке, ал қалған 4 оқушы шетелдің жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түсті.
Атап айтсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 5 оқушы, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне 4 оқушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіне 2 түлек, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне 2 оқушы және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне, Халықаралық ақпараттандыру технологиялар университетіне, Сүлейман Демирель университетіне, Алматы ақпараттық технологиялар университетіне, Алматы менеджмент университетіне, Қазақ-Британ техникалық университетіне бір-бір оқушыдан грантқа түскен. Сонымен қатар Түркия мен Италияға 1 оқушыдан оқуға түссе, 2 оқушы Чехияның жоғары оқу орнына тегін оқуға жолдама алды.
Мұнайлы ауданындағы №13 мектеп-гимназиясының 13 түлегі тегін білім алады. Оның ішінде 7 оқушы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне, 2 оқушы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атанды. Біреуі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің, екеуі Қазақ агротехникалық университетінің, біреуі Қарағанды мемлекеттік техникалық универститетінің білім грантының иегері болды.
Сонымен қатар Қызылтөбе лицейін бітірген 15 түлектің жетеуі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, үшеуі Сулейман Демирел атындағы университетке, екі түлек Astana IT университетіне түссе, бір оқушы Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне және бір оқушы Назарбаев университетінің грант иегерлері атанды.
Ақшұқыр мектеп-лицейі 11 «А» сыныбының 14 түлегі де мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл сыныптың 2 оқушысы Алтын белгі иегері атанса, 1 оқушысы Үздік атестатты иеленді.
«Сонымен қатар оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл оқушысы», «Жыл өнертапқышы» және «Жыл жас ғалымы» номинацияларын қанжығаларына байлады. Сыныптың 91%-ы ҰБТ-ден 100-ден жоғары ұпай жинап, жоғары көрсеткіш көрсетті. Сыныптың барлық оқушысы 100% мемлекеттік грант иегері атанды», - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Нақтыласақ, 5 оқушы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне, 1 оқушы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне, 3 оқушы Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетіне, 2 оқушы Сүлейман Демирел атындағы университеті, 1 оқушы Азаматтық авиация академиясына, 1 оқушы Қазақ-Британ техникалық университеті, 1 оқушы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына түсті.
Осылайша облыс бойынша 11-сынып түлектердің шамамен 2 600-ден астам оқушысы мемлекеттік білім грантқа оқуға түсті.