Түбек мұнайын барлап, ашуға еңбек сіңірген ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Сондай шараның бірі өткен сенбіде Түбіжік жерінде орын алып, түбекке тұңғыш бұрғы салған барлаушылар құрметіне ескерткіш монумент орнатылды. Монумент тақтасына 1951-1961 жылдары Түбіжік және Өзен кен орындарын ашқан 70-ке жуық мұнайшының есімі қашалып жазылды. Маңғыстау өлкесіндегі Түбіжік алаңында алғашқы барлау-бұрғылау жұмысына қатысқан ардагер мұнайшыларға арналған ескерткіш монументтің ашылуына Жаңаөзен, Түпқараған әкімдігінің өкілдері, Өзен «Бұрғылау» мекемесінің басшысы, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері, ескерткішке аты жазылған мұнайшылардың ұрпақтары қатысты.
Шараның ашылу салтанаты марқұм болған ардагер мұнайшыларға Құран бағыштаудан басталды. Марқұмдарға арналған аятты сол жерде еңбек еткен Сергей Бисеновтің ұлы Рысбай қажы Сергейұлы оқыды.
Ескерткішті ашу құрметі Өзен мұнайын ашушы, даңқты мұнайшы Болатбай Қарамұрзаев пен Түбіжікке түскен алғашқы келін, қазір 92 жастағы зейнеткер Жақсыбай Қойшыбаевтың зайыбы Асылға берілді. Монументтің ашылу сәтін ардагер мұнайшылар ұрпақтары шашу шашып қарсы алды.
Жиынға қатысушыларға білім беру саласының үздігі, Қазақстан журналистер одағының Құрметті журналисі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы А.Айдаров баяндама жасады. «Өткен тарихымыз халық өмірімен тығыз байланысты. Міне осы жерден тұңғыш бұрғылау мұнарасын орнатып, жер қойнауынан қара алтын қазынасын алуға іс-әрекеттің басталғанына 72 жыл болған екен. Алғашқыда сәтсіздіктер болғанымен, соңы оңынан оралып, түбегіміздің байлығы халқымыздың ырзық-несібесіне айналды. Ұйқыдағы аруды оятқан ата-аналарымыздың рухы кейінгі ұрпақтарын қорғап, қолдап жатқай дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Маңғыстау жер асты байлығын зерттеу, игеру жұмыстары 1951 жылы Форт-Шевченко (Ақкетік) қаласынан 35-40 шақырым жердегі Түбіжік алаңынан басталған еді. Бұрғылау қондырғыларымен Түбіжік, Қошанай, Қаңға баба, Қара там, Қошақ, Қызан т.б алаңдарды зерттеп, барланды. Өткен ғасырдың 50-жылдарының аяғында басталған бұрғылау жұмысына сол кезде мектеп бітірген Форт, Таушық жастары жұмылдырылды. Солардың еңбегінің нәтижесінде Жетібай мен Өзеннен мұнай ашылды.
Сол кезде еңбек еткен бұрғышылардан қазір арамызда жүргені үш-ақ адам: Жауғашты Балабатырыов, Жаңбырбай Жайлығараев, Болатбай Қарамұрзаев. Оның екеуі осы жерде тұр. Бұл жерде бүгінде бақилық болған Х.Тәжиев, Қ.Садықов, Қ.Қазиев, З.Ысқақов, Ғ.Әбдіразақов, А.Осадчий, Т.Қадыров, Х.Есмұрзина, К.Әлібаев, Д.Арғынбаев, М.Қашаубаев, Қ.Тасболатов, Б.Қыдырбаев т.б мұнайшылар еңбек етті» деген баяндамашы А.Айдаров Өзен қаласының, Өзен кен орнының тарихына тоқталып, барлаушылар өміріне шолу жасады.
Баяндамада Өзен мұнайын ашушы № 1 ұңғы бригадасының құрамында болған ардагерлер, барлаушы ауылдың мұғалімдері, медицина қызметкерлері, аспаздар, құрылыс мамандары, есепшілер еске алынып, Түбіжік барлаушы ауылында дүниеге келіп, кейін мұнай барлау, бұрғылау саласында басшылық қызметте болған Р.Серікбаев т.б азаматтар еңбегі аталып өтті.
Келесі сөзді Маңғыстау мұнайын игерушілердің бірі, Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі, атақты бұрғышы Б.Қарамұрзаев алып, бұл шараның екі жыл бұрын ойға келіп, барлаушылар ұрпақтарының ұсынысымен іске асып, ескерткіш монументтің ашылып жатқанын, бұдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсаты өз мәресіне жеткенін айтып, «шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – ұрпаққа өнеге болсын деу» деп сөзін аяқтады.
Маңғыстау ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов: «Алғашқы бұрғы түскен жерге ескерткішінің ашылуына қатысып тұрмыз. Ардагерлерге құрмет, тарихи мұра - біз үшін ерекше оқиға! Еңбек ерлері ұмытылмау керек. Түбіжіктен көшкен барлаушылар Өзенді ашты. Бүгінде олардың есімдеріне көше аты беріліп, құрметті атақ, абыройға бөленді. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса бергей!» деп ардагерлер атынан ескерткіш орнатуға үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
Түпқараған ауданы Баутин ауылы әкімі Е.Жеткізгенов сөз сөйлеп, шараны ұйымдастыруға атсалысқан О.Әділовке, А.Қыдырбаевқа, Е.Ғайниевке алғыс жариялап, хат тапсырды.
Өзен «Бұрғылау» мекемесінің бас директоры Қанат Қонақбаев құттықтау сөз сөйлеп, ескерткішті орнатуға атсалысқанын айта келіп, ардагерлерге денсаулық тіледі.
А.Айдаров Жаңаөзен қаласы әкімінің, ардагерлер ұйымының төрағасы атынан алғыс айтып, ескерткіш жұмысына қызмет еткен Ерлан Жұмағалиевқа, Наурыз Тастеміровке, Талғат Уәлиев, Жұмасат Мыңбаевқа Жаңаөзен қаласы әкімінің алғыс хатын ұсынды.
Жиынға қатысқан, бұрын Өзен бұрғылау басқармасын басқарған Рахым Серікбаев өзінің барлаушы отбасында өскенін, төртжылдық мектепті Түбіжіктен бітіргенін айтып, ескерткіш орнату барысында белсенділік көрсеткен О.Әділов, А.Қыдырбаев, Е.Ғайниевті «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры Н.Қилыбайдың Алғыс хатымен марапаттап, шараның бас ұйымдастырушысы Б.Қарамұрзаевқа шапан жапты.
Бастамашы топ пен ескерткіш орнатуға қолдау білдіріп, үлес қосқан Жаңаөзен қаласы әкімдігіне, Түпқараған әкімдігіне, «Өзен бұрғылау» басшысы Қ. Қонақбаевқа, «Өзенмұнай» АҚ басшысы Н.Қилыбаевқа және ескерткішті орнату ісіне араласып, белсенділік танытқан бас шебер, сызба даярлаушы Жұмасат Мыңбаев, Талғат Уәлиев, дәнекерлеушілер Ерлан Бисенғалиев, Наурызбай Тастеміров, Бақтығали Жаңабаев, Ораз Қадыров, Аймырза Қыдырбаев, Ермек Ғайниев, Сәрсенбай Есенжанов т.б азаматтарға ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада бақилық болған мұнайшылар Ә.Көшербаев зайыбы - Динаға, С.Бисенов зайыбы - Рзагүлге, Т.Бекетаев зайыбы - Бақытқа, Ш.Қожыров зайыбы - Кідірге, Р.Нұрбеков зайыбы Бақтылыға, А.Садықов зайыбы Нұржамалға, Б.Қыдырбаев зайыбы - Ұштапқа, Б.Ибраев зайыбы - Ақзияға, Ж.Ысқақов зайыбы - Құндызға, Ш.Исанбаев зайыбы - Құндызханға, Қ.Наушабаев зайыбы - Тұрашқа, Ж. Ахметов зайыбы - Шолпанға, Ж.Қойшыбаев зайыбы - Асылға, ескерткіш авторлары Ж.Мыңбаев, Е.Бисенғалиев, Е.Тастеміров, Т.Уәлиевке, Түбіжік ардагерлерінен қалған көзі тірі өкілдер Ж.Балабатыров пен Ж. Жайлығараев және Б.Қарамұрзаевқа сый-сияпат жасалды.
Түбіжіктегі экспедиция елі мұнай іздестіру-барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылған Жетібай мен Өзен алаңында 1961 жылдың шілдесі мен желтоқсан айында мұнай-газдың мол қоры табылуына байланысты Өзен мен Жетібайға екі бөлініп көшті. Түбіжік алаңын барлаушылар енді жаңадан ашылған алаңда еңбек етіп, сол жерде пайда болған елді мекен, қала тұрғынына айналды. Олардың ұрпақтары Өзен, Ақтау, Алматы, Астана т.б жерде өмір сүріп жатыр.
Жиын соңында 2043 жылғы ұрпақтарға аманат тапсыру ардагер ақсақал Асылбек Айдаровқа беріліп, «Біздер ХХ ғасырдың 50-жылдарында Маңғыстау түбегінің Түбіжік алаңын тұңғыш бұрғылаған барлаушы қауым ұрпақтары ата-әжелеріміздің ерлік ісін мәңгі есте қалдыру бағытында осы жерге бұрғылау мүсінінің кескінін орнатып, оған сол кезде еңбек еткен алғашқылардың есімін жазып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырып отырмыз. Тарихи кезеңдер жалғаса береді. Бұрынғлар есімі ескірмей, жаңа ұрпақтың есінде сақталуы тиіс. Бұл өміріміздің бір көрінісі болып қала бермек. Маңғыстау киелі мекен деп тектен-текке айтылмаған. Басты киелілігі жерасты байлығының молдығы. Болашақ ұрпақтың несібесі осы мол байлығымызды тиімді, үнемді игеру арқылы өмір сабақтастығын жалғастыру болып табылады. Қиыншылыққа шүкіршілік етіп, болашағымызға сеніммен қарау – өміріміздің мәнді, тұрмысымыздың сәнді болуының көрінісі. Ысырапшылдыққа жол бермей, жер ана қойнауындағы мол несібемізді орынды пайдалана білейік! Сонда ғана түбекті алғашқы игерушілердің кейінгі ұрпақтарға деген ризалық сенімі жүзеге аспақ. Құйын кезген кең даламыз адам сенгісіз өндірісті аймаққа айналды. Сәнді қалалар бой көтеріп, алып өндіріс құлашын жаза түсуде. Осындай игілікті істі жалғастыруды сендер де естен шығармауларыңыз керек. Болашақта осы ескерткішті мерзімді абаттандыру жұмысына назар аударып, қамқорлық жасап, айналасын тазалап, бүлінген жеріне жөндеу жұмысын жүргізуді өздеріңе аманат етеміз. Осы аманат хатымызды 2043 жылдың 29 шілдесі күні көмілген жерінен ашып алып, сол кездегі ұрпақтарға таныстырып, біздің бастаған ісімізді жалғастыра беруге мүмкіншілік мол. Ісіңізге сәттілік тілейміз!» деп, 3 азаматқа тапсырылып, аманат хат салынған капсуланың бірі ескерткіш түбіне көміліп, белгі қойылды.
Жиыннан соң, марқұм болған мұнайшыларға арнап садақа беріліп, қатысушыларға «Түбіжік-2023» жазуы бар естелік бас киім мен жейде таратылды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ