Түркияда жол апатына түскен шағын автобуста болған маңғыстаулық ауыр жарақат алып, көз жұмды деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Аланиядағы жол апатында зардап шеккен жолаушылардың бірі ауыр жарақат салдарынан бүгін таңертең ауруханада қайтыс болды. Қайтыс болған Қазақстан азаматының ұлы бүгін Анталияға келді, қазіргі таңда дипломаттардың қасында. Оған барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде», - делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ал, түс ауа ауруханада қайтыс болған жолаушы маңғыстаулық екені белгілі болды.
Айта кетейік, кеше баспасөз беттерінде Аланияда қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшырағаны туралы ақпарат тараған болатын. Жергілікті басылымның ақпаратынша, Алания аумағында туристер мінген шағын автобус пен жүк көлігінің соқтығысқаны жазылған. Гид пен автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тауып, 12 адам әр түрлі жарақат алған. Олардың екеуі аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, ота жасалғанымен бүгін маңғыстаулық турист көз жұмды. Кейбір ақпарат көздерінің мәліметінше марқұмға Түркияға жолдаманы балалары сыйға тартқан көрінеді.