Маңғыстау облысында екі мемлекеттік қызметші ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының конкурстық іріктеу кезеңінде жеңімпазы атанды. Енді қос мемлекеттік қызметші экономика (master of economics) және мемлекеттік саясат магистратуралық бағдарламасы бойынша білім толықтырады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бойынша құжаттар сәуір мен маусым аралығында қабылданды. Конкурстық іріктеу барысында республика бойынша магистратурадан – 120, докторантурадан 12 үміткер мемлекеттік гранттар иегері атанды. Жеңімпаздар қатарында Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының мемлекеттік қызметшісі Бағдат Қуандық болса, екіншісі Батыр ауылдық округі ауылы әкімінің орынбасары Гүлшеру Джайылғанова бар.
«Конкурс талаптары бойынша үміткердің мемлекеттік қызметте бірнеше жыл тәжірибесі болуы керек. Алғашқы кезеңде мемлекеттік тілдің деңгейін тексеріп, сараптамалық эссе жаздық. Екінші кезең офлайн Астанада өтті, бірінші кезеңнен өткен қатысушылармен сұхбат жүргізілді. Сұхбат үш тілде өтті, онда мемлекеттік қызметшінің қабілеттері мен дағдылары бағаланды. Маңғыстау облысынан екінші кезеңге 20-30 шақты маман барды. Содан екі адам грантқа ие болдық», - дейді Бағдат Мисаұлы.