22 желтоқсан күні Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев «Арман» жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған жиынға қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға жастардың үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері, волонтерлар, белсенділер, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара еркін форматта пікір алмасуға арналған бейресми алаңда ұйымдастырылды.
Облыс әкімімен кездескен жастар аймақ басшысына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.
Нұрлан Ноғаев еліміздің болашағы жастардың қолында екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қатысуымен ел азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті болуы керектігін атап өтті. Туған жеріне қажет, пайдалы болуға ұмтылу әрбір жастың мақсаты болуы керек. Алға қойған мақсатқа білімді де білікті жастар ғана жете алады. Жастар адал еңбекті бағалап, рухы мықты болуы керек, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя білуі керек. Ол үшін ана тіліңді біліп, өз халқының салт-дәстүрін, тарихын қастерлеу керек. Біз өз тарапымыздан жастардың азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобалары мен бастамаларын қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.