Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Алғыс айту күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Ольга Зарявняк пен өңіріміздің еңбек сіңірген ұстазы Нұрсұлу Дүйсенбаеваны арнайы құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері Ольга Зарявняктың үйінде қонақ болды. Ол биыл 96 жасын атап өтеді.
«Менің ойымша, бар байлық құнды сыйлықтарда емес, көңіл бөлуде. Өз ұрпақтарына мұра ретінде із қалдырған маңызды. Сондықтан біздей тұлғаларды ұмытпай, жадында сақтағаны жаныңа жылулық ұялатады. Қан майданды бастан өткергендіктен, ең бастысы - ашық аспан мен бейбітшілік екенін түсінемін», - деді Ольга Зарявняк.
Ольга Заравняк 1927 жылы дүниеге келген. Соғыс басталғанда ол небәрі 14 жаста болған. Ол өзінің жасына қарамастан, туған қаласында партизан отрядында қызмет еткен. Ольга Платоновна маңызды ақпараттар тасып, жараланған сарбаздарға көмек көрсеткен. «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл», «ҰОС 60 жылдығы», «ҰОС 65 жылдығы», «Отан қорғаушыға», «Нацизмді жеңгенге 70 жыл», «Азат етуші ардагер», «Соғыс ардагері» атты мерейтойлық медальдары бар. «Ерлігі үшін» және «Ұлы Жеңістің 65 жылдығы» ордендерін иемденген.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев педагогика саласындағы еңбек ардагері, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болған Нұрсұлу Дүйсенбаеваға қонаққа барды. Ардагер ұстаз ұзақ жылдар бойы Қызылсай ауылында және Жаңаөзен қаласында ұстаз болып еңбек етіп, ерекше балаларға сабақ берді.
«Естеліктерімді еске алып, осындай мүмкіндік сыйлағандарыңа алғысым шексіз. Менің бар ғұмырым білім ордасында өтті. Соның ішінде, есту және көру қабілеті жоқ баларға сабақ бердім. Осы алғыс айту күнінде, барша ұстаздарға және келешек ұрпақ үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға ризашылығымды білдіремін. Құттықтауларыңыз бен ізгі ниеттеріңіз үшін рахмет», - деп бөлісті Нұрсұлу Дүйсенбаева.
Нұрсұлу Дүйсенбаева өмірінің 55 жылын оқушыларды білімге деген құштарлыққа шақырған. Бүгінде ол 17 немере мен шөберенің әжесі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға қосқан үлесі үшін, және білімге деген ынтасына мадақтама ретінде «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
2011 жылдан бастап Нұрсұлу Дүйсенбаева Жаңаөзен түзету мектеп-балабақшасында оқытушы болған. Мүмкіндігі шектеулі студенттерге білім беру мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Нұрсұлу Дүйсенбаева «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Алғыс айту мерекесі барша жерлестерімізге өзара ынтамақтастықты нығайту үшін ерекше мүмкіндік екенін атап өтті.
«Атаулы мереке жасаған барша игі істерімізбен, жақсылықтарымызды еске түсіруге бірден-бір себеп. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгін біз мәдениетімізде терең тамыр жайған достық пен ерекше құндылықтарымызды атап өтеміз. Бұл құндылықтар өзара қарым-қатынасымызды нығайтып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Онымен қоса, еліміздің әрбір азаматының жауапкершілігі мол болуына үлес қосады. Барша Отандастарымызға зор денсаулық, бақыт пен амандық, тек үйлеріңізде жайлылық пен қуаныш болса деп тілеймін» - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.