Қысқы спорт түрі кёрлингтен XXIII республикалық чемпионатта аралас командалар арасынан маңғыстаулықтар І орынды жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Финалға Алматы мен Астана қалаларының және Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарының командалары, сондай-ақ есту қабілеті төмен ойыншылар командасы мен мүгедектер арбасын пайдаланушылар командасы да қатысқан.
Сайыс қорытындысында маңғыстаулықтар жоғары көрсеткішпен алға озды. II орын Астана қаласына бұйырып, III орынға Қостанай облысы ие болды.
Одан кейінгі командалардың қатарында Шығыс Қазақстан құлағының мүкісі бар ойыншылар командасы, қоларбалы ойыншылар командасы, Алматы облысы, Алматы қаласы, Жамбыл облысының спортшылары бар.
Қазақстандық кёрлинг федерациясы жеңімпаздарды дипломдармен және медальдармен марапаттады. Ел чемпионы атанған маңғыстаулық спортшылар арасында Омар Тавасиев, Максим Рябцев, Ұлмекен Жұбандық, Маруа Шаникова, Айдана Ізтұрғанова, Асим Бисен, Алтын Бисен, Таңшолпан Жұбандық, Жаңылсын Жұбандық, Бағдат Аққазанов, Иван Коваленко, Мадина Жұбандық, Еркін Өтебаев, Вадим Барышников, Андрей Семенов, Михаил Устинов сынды саңлақтарымыз жанкүйерлерді шеберліктерімен тәнті етті.
Айбек Мұханов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.