Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен «Мен жастарға сенемін!» спектаклі сахналанды. Сахнада оқушылар мен колледж студенттері өнер көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қойылымның негізгі мақсаты - жастарды Отанға қызмет етуге, тарихты құрметтеуге, адамгершілік құндылықтарды насихаттау. Сондай-ақ Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы мен тарихи мұрасының маңызын көрсету.
Қойылымның қоюшы-режиссері «JasART» жастар театрының жетекшісі Әлия Исаева, ал хореографы Лашын Жұмахан болды.
Нұрлан Ноғаев өзекті тақырыптар қозғалған спектакль тек жастарға ғана емес қоғамда қызығушылық тудыратынын атап өтті. Қойылым соңындағы қошемет залға жиналған әр түрлі жастағы көрерменнің жүрегіне жол тартқанын көрсетеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қоғамның белсенді және жауапты бөлігі ретінде қалыптастырудың маңызын айтқан болатын. Спектакльде қоғамға қызмет ету, жеке даму және қоршаған ортаның мәселелері қозғалды. Бұл барлығымыз үшін өзекті және маңызды тақырып. Бүгінгі қойылым өнер, қоғамдық құндылықтар мен жеке тұлғаның дамуына әсер етудің күшті құралы бола алатындығының дәлелі, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
«JasART» театры мемлекеттік грант аясында әлеуметтік жоба өткізіп, қысқа мерзімде бірнеше маңызды әлеуметтік мәселелерге арналған спектакль сахналады. Бұл олардың шығармашылық әлеуетін ғана емес, сонымен қатар өзекті тақырыптарды талқылау және түсіну өнер арқылы жастарды тартуға деген ұмтылысын көрсетеді.