Өңірдегі жастардан құралған еріктілер тобы әр сала бойынша жұмыстанып жүр. Мәселен жас наубайшыларға арналған «Мен наубайшымын», футбол алаңдарын жаңарту мақсатында «Футбол алаңы», экология бағытында «Мейірімділік қақпақтары» мен «Плоггинг» эко марафоны, үй жануарларын зарарсыздандыруға (вакциналауға) арналған «Ұстау-зарарсыздандыру-вакцинация-босату» секілді түрлі жобалар құрылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында волонтерлықпен айналысатын 53 бастамашыл топ пен 10 үкіметтік емес ұйым бар. Ал өңірдегі еріктілер саны – 5 230. Оның ішінде 14 – 35 жас аралығында – 4 540 адам.
Жастар арасында волонтерлықты насихаттау, әлеуметтік-мәдени белсенділікті арттыру, сондай-ақ Маңғыстау облысында волонтерлық қозғалысты дамыту мақсатында 9 290 млн теңге сомасына мемлекеттік грант жарияланды. Ал жоба жеңімпазы – «Жалын PRO» қоғамдық қоры.
Грант аясында аймақтағы еріктілер тобы мен ұйымдарға арналған 300 000 теңге көлемінде 15 шағын грант берілді. Әртүрлі бағытта жоба қорғап, жеңімпаз деп танылған жастар бүгінде жобаларын жүзеге асыруда.
Мәселен грант жеңімпазы Асыл Оразмағанбетова экологиялық бағытта «Біз таза әлемді таңдаймыз!» жобасын ұсынып, Жаңаөзен қаласы мен Рахат ауылына пластикалық қалдықтарды жинайтын 20 эко жәшік орнатқан. Жоба аясында экологиялық бағыттағы «JANA LEP» волонтерлік тобы құрылды. Белсенді жастар қоқыс жәшігін ортатып, сенбіліктер ұйымдастырған.
Ал «Мейірімділік қақпақтары» пластикалық қақпақтарды жинау бойынша эко-қайырымдылық жобасымен Милена Шиповская жеңімпаз болды. Оның мақсаты – балалар мен ересектерді экологиялық және әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге шақыру. Жоба аясында волонтерлар Ақтау қаласының 2 шағынауданында орналасқан «Samruk» мектебінде және «Маңғыстаумұнайгаз» ғимаратында пластикалық қақпақтарды жинауға арналған жәшіктер орнатты. Орнатылған жәшіктерге жинақталған қақпақтар Ташкент қаласындағы пластикалық бұйымдар шығаратын зауытқа қайта өңдеуге жіберіледі. Шикізатты сатудан түскен табыс қайырымдылыққа бағытталмақ. Жоба аясында Ақтаудағы білім ошақтарында пластикалық қақпақтарды жинауға арналған 15 жәшік орнату жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек грант жеңімпазы Несібелі Омарова Құрық ауылы жастарын мобилографияға үйретіп жүр. Оның айтуынша, заман талабына сай жаңа мамандықты игеру – өте маңызды.
Ерікті жастар жоба аясында ауыл-аймақтарды абаттандырумен де айналысуда. Мәселен грант жеңімпазы Гүлшат Төлеуова Рахат ауылының орталық көшелеріндегі орындықтар мен балалар ойын алаңдарын сырлап, қоқыс жәшіктерін орнатумен айналысты.
Роза Әділханқызы