Өңірдегі 3 мұғалім «Педагогикалық идеялар панорамасы -2023» республикалық бейне сабақтар және бейне дәрістер конкурсының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған байқау мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарына арналған.
- Бұл конкурсты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен мұғалімдерге кәсіби шеберлік конкурстарының бірі ретінде ұйымдастырып өткізеді. Байқау екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық. Өңірлік кезеңге облыс мұғалімдерінен 12 бағыт бойынша 107 өтінім келіп түсті. Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша 47 педагог жүлдегер атанды. 1000-нан астам қатысушы арасынан республикалық кезеңде 178 жұмыс және 67 жеңімпаз анықталды,- деді «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша КДИ директоры Эльмира Қалиева.
Ұйымдастырушының айтуынша, байқауға келіп түскен өтінімдер арасында оқу сауаттылығы бағыты басым түскен. Өңірлік байқауда 10 мұғалім бірінші орын, 16 мұғалім екінші орын, 21 мұғалім үшінші орынды иеленді. І орын алған жеңімпаздардың жұмысы республикалық кезеңге жолдама алған. Оның қорытындысына сәйкес 3 бағыт бойынша облыс ұстаздары жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда:
Экологиялық сауаттылық бойынша – Ақтау қаласы IT мектеп-лицейінің экологиялық сауаттылық факультативінің жүргізушісі Әйгерім Қызылғұлова II орын;
Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша – Ақтау қаласындағы №30 жалпы білім беру мектебінің биология пәні мұғалімі Айнагүл Тұрғаналиева ІІ орын;
Медиа-ақпараттық сауаттылық бойынша – Жаңаөзен қаласындағы N°4 жалпы білім беру мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Рыскул Бекболатова III орын.
«Мен биология пәнінің мұғалімімін. Фестивальде «Экологиялық сауаттылық» бойынша өз бағымды сынадым. Басты идея – блогинг спорт түрін насихаттау. Тұрақты даму табиғатқа және оның ресурстарына жауапкершілікпен қарау үшін білім мен дағдыларды оқушылардың бойында қалай қалыптастыруға болатыны жөніндегі педагогикалық ойымды ұсындым. Негізі аталған бағыт жаһандық экологиялық проблемаларды көтере отырып, адамның табиғатқа әсерін анықтауға бағытталған. Ал менің жобамда пластиктің әсері секілді табиғатқа залал келтіретін дүниелердің экологиялық дағдарысқа әкелетіні туралы айтылды. Пән аралық негізде оқушылардың ерте функционалды сауаттылығын арттыру мақсатында педагогтердің өзара іс-қимылын заманауи педагогогикалық тәжірибесімен үздік практикаларын жалпылау және танымал ету мақсатын жүзеге асырдым деп ойлаймын, - деді Әйгерім Қызылғұлова.
Айта кетейік, маңғыстаулық педагогтар 19 желтоқсанда Астана қаласында өтетін марапаттау рәсіміне қатысады.