Тұрмысы төмен 39 отбасыға үй беріп қуантқан «Көмек Жаңаөзен» қайырымдылық тобының құрылғанына 3 жыл болған. Ал өңірдегі өзге де волонтерлық ұйымдар қоғамдағы түрлі мәселелер бойынша жұмыстар атқаруда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Еріктілерден құралған ұйымдар өңірде экологиялық акциялар ұйымдастырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға және қарт адамдарға материалдық, психологиялық көмек көрсетіп келеді.
Мәселен қаладағы негізгі қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырушы – «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоры жалғыз басты аналарға тегін массаж курсын үйретіп, жағдайы төмен отбасылар мен мүгедек балаларға тегін массаж жасайды. Бұдан бөлек ай сайын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған жәрмеңке ұйымдастырады.
Ал «Атадан мирас» қоғамдық қоры «Біз біргеміз» жобасы аясында 320 мұқтаж отбасыны бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті.
«Клуб добряков» пен «Ақтау қайырымды жандары» топтары жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасы санатына жататын азаматтарға үздіксіз әлеуметтік және қаржылай көмек көрсетуде.
«Открой своё сердце» қайырымдылық қоры 40-қа жуық ерекше балаға (аутизм, ЗППР, эпилепсия, Даун синдромы бар балалар) "RixosWaterWorld Aktau" қонақ үйінің "Тetysblu" тематикалық паркінде мерекелік кеш өткізіп, сыйлықтар табыстады.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Волонтерлар корпусы» Ақтау қаласындағы 382 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Қаладағы мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты азаматтардың өтінішіне шұғыл әлеуметтік көмек көрсету мақсатында оперативті штаб жасақталды. Нәтижесінде көмекке мұқтаж 89 азаматқа тұрақты көмек көрсетілуде.
Сонымен қатар волонтерлық қозғалыс өкілдері жоғалған азаматтарды іздеуде де белсенділік танытуда. Мәселен «Lider.KZ-Ақтау» құқық қорғау органдарымен бірлесіп іс-түссіз жоғалған адамдарды іздестіру шараларына қатысып, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Аталған игі бастамаларға облыстан 2000-ға жуық волонтер жұмылдырылған.
Роза Әділханқызы