Көктем табиғаттың түрленуіне ғана әсер етпейді. Адамның әлсіреуі мен ағзадағы өзгерістерге себепші болатын мезгіл. Сондықтан да көктем келсе, денсаулыққа күтім жасауды ел жиі еске алады. Осы ретте Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының эндокринолог-дәрігері Әсел Қойлыбайқызы денсаулықты сақтаудың алтын қағидасын mangystaumedia.kz тілшісіне айтып берді.
Денсаулықты сақтаудың негізгі факторы – дұрыс тамақтану, уақытылы спортпен шұғылдану, таза ауада жиі серуендеу және ұйқы режимін сақтау.
«Көктем мезгілінде дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлу керек. Яғни құрамында көмірсу, ақуызға бай тағамдарды пайдалану және көкөністер, жеміс-жидектерді қолдану өте маңызды. Бұл жүрек-қан тамыр ауруларына, қант диабеті, онкологиялық аурулар мен асқазан-ішек жолдары ауруларының алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар дұрыс ұйқы режиміне көшу керек. Біз дені сау адамға 8 сағаттық ұйқы режимін енгіземіз. Кешкі сағат 22:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейінгі аралық. Бұл адамның физиологиялық тұрғыдан ұйқының қану уақыты болып есептеледі», - дейді дәрігер Әсел Қойлыбайқызы.
Қазіргі таңда адамдар қозғалыссыз, бір орында жиі отырады. Дәрігердің айтуынша, бұл өз кезегінде денсаулықтың бұзылуына әсер етеді. Сол себепті де дәрігер тұрғындарға таза ауада демалуға, жаяу жүріп, серуендеуге, спортпен шұғылдануға кеңес береді.
«Көктем мезгілінде адамдар авитаминоз диагнозымен жиі келеді. Яғни, бұл адам организміне қандай да бір дәруменнің жетіспеушілігінен туындайды. Мұндай жағдайда адам тез шаршайды, бойын әлсіздік билейді, ұйықтай бергісі келеді. Аурудың алдын алу және онымен күресу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша емхананың терапевт-дәрігеріне барып, кеңес алуы маңызды. Қажет болған жағдайда қан анализін тапсырып, дәрумен мөлшерін анықтауы керек. Ескерте кетейік, тұрғындардың өз бетінше ем қабылдауына болмайды», - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының эндокринолог-дәрігері Әсел Қойлыбайқызы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА