Ақтау гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары әскери ұшақпен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Қонаев қаласындағы оқу-сауықтыру орталығына барып орналасып, танысқаннан кейін Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов пен «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиевпен кездесті.
Ерлік сабағында балаларға «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысы, «Айбын» жастардың әскери-патриоттық слеті, оның дәстүрлері және оған қатысу мүмкіндіктері туралы кеңінен айтылды.
Ұйымдастырушылар балалардың мерекесін танымдық, қызықты етіп өткізуге тырысты. Олардың оқуында үзіліс болмайды. Оқушыларға мектептегі пәндер бойынша сабақтар ұйымдастырылады.
Қорғаныс және Білім министрліктерінің жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі бірлескен жоспары осылайша жүзеге асуда. Биылғы жылы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы мен оның қалалардағы филиалдарына әскери қызметкерлердің балаларына мыңнан астам квота бөлінді.