Маңғыстауда 1 наурыздан бастап бір ай бойы «Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні» атап өтіледі. Басты мақсат - еліміздің азаматтарын, қоғамды, өскелен ұрпақты, қандай да бір төтенше жағдайлар кезінде қорғану тәсілдерін білуге, оларға төтеп беруге, ең бастысы - төтенше жағдайларды алдын алу іс-шараларын үйретуге бағыттау. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Рәтбек Демеуберген айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес азаматтық қорғаныс айлығын кең ауқымды және сапалы өткізу мақсатында тиісті жоспары жасақталған. Яғни, өңірде халықты ықтимал төтенше жағдайларға дайындау мақсатында түрлі іс-шаралар кешені өткізіледі.
-Осы бағыт бойынша мекемелер мен ұйымдарда, білім беру нысандарында түрлі конкурстар мен эстафеталар өтеді. Сондай-ақ осы салада интерактивті сабақтар, интернет-конференциялар мен семинарлар өткізу, азаматтық қорғаныс күніне арналған флешмобтарды және практикалық оқу-жаттығуларды ұйымдастыру, департаменттің бөлімшелерінде ашық есік күнін өткізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, департамент халықты төтенше жағдайлар кезіндегі негізгі дағдыларға үйрету бойынша жұмысты ұдайы түрде, жыл бойы, жоспарға сәйкес жүргізеді. Алайда, «Азаматтық қорғаныс күніне» арналған айлық шеңберінде бұл бағыттағы жұмыстарды Департамент күшейтеді, - деді Рәтбек Демеуберген.
Спикер брифинг барысында мерекеге орай 1 наурыз күні «Азаматтық қорғаныс күні» аясында сағат 10:00-де, 9а шағынауданында орналасқан «I love AKTAU» сәндік жазуы аумағындағы ашық алаңда салтанатты іс-шара өтетінін айтты.
Жоспарланған іс-шарада азаматтық қорғаныс мүлкі, авариялық-құтқару техникалары және медициналық құрал-жабдықтардың көрсетілімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, құтқарушылармен практикалық іс-әрекеттердің тәсілдері жүргізіледі.
Бұдан басқа, жас құтқарушы үйірмелерінің оқушылары арасында азаматтық қорғаныс элементтері бар спорттық эстафеталар өткізіледі. Осы іс-шарада төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдар бойынша жадынамалар мен брошюралар тарату ұйымдастырылады.
-Осыған ұқсас іс-шаралар облыстың барлық аудандарында өткізіледі, сондықтан Ақтау қаласынан тыс елді-мекендердегі тұрғындарға өз аумақтарыңызда орналасқан Департаменттің бөлімшелеріне, соның ішінде өрт сөндіру бөлімдеріне баруды ұсынамын, - деді Рәтбек Демеуберген.