1 ақпан күні ҚР Ұлттық қорынан Маңғыстау облысы бойынша 330 360 балаға алғашқы қаржы аударылды. Бағдарламаға Қазақстан азаматтары болып есептелетін барлығы 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелді. Олардың барлығына 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшеріндегі бірдей сома аударылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық филиалы "БЖЗҚ" АҚ барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айдана Бекмағанбетова хабарлайды.
Спикердің айтуынша, бұл тек алғашқы аударым, жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол Бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.
- 18 жасқа 2024 жылы толатын 304 815 балаға аталған сома олардың БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Олар өздерінің нысаналы жинақтарын кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үйге немесе білім алуға бірден пайдалануға құқылы. Бағдарлама іске қосылған алғашқы 10 күн ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін нысаналы жинақ төлемін алуға берілген 41 өтінім, ал білім беру ақысын төлеу мақсатында 42 өтінім түсіп, БЖЗҚ уәкілетті операторға өтінім берген азаматтардың банктік шотына аудару үшін төлем жүргізіп үлгерді, - деді Айдана Бекмағанбетова.
Сондай-ақ спикер ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылдық мәнде 1,39 миллиард АҚШ долларын құрағаны жөнінде мәлімдеді. Бұл Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірісі. Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі 2,6% (АҚШ долларымен) болды. Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% – бұл 2024 жылы есептелетін нысаналы талаптар сомасы - 695,5 миллион АҚШ долларын құрайды.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% мөлшері (695,5 млн АҚШ доллары) Бағдарламаға қатысушылардың санына (6 919 131 бала) бөлініп, нәтижесінде олардың әрқайсысы 100,52 АҚШ долларын алған.
Маңғыстау облыстық филиалы "БЖЗҚ" АҚ барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Руфия Мұхтарованың айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру.
Бағдарлама аясында балаларға бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың басында Ұлттық қордан инвестициялық кірісті қоса алғанда, нысаналы талаптар түріндегі қаражат олар 18 жасқа толғанға дейін есептелетін болады.
Айта кетейік, баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады.