Жүргізушілер жолда ұсақ бұзушылықтардан бастап, қызыл түске өту және мас күйінде көлік жүргізу сияқты өрескел бұзушылықтарға дейін әртүрлі бұзушылықтар жасайтыны анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2023 жылдың алғашқы үш айында Маңғыстау облысының патрульдік полиция инспекторларымен 25 146 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұялы телефонды пайдаланған – 2 843 жүргізуші, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану қағидаларын сақтамаған – 5 142 жүргізушіге хаттамалар жасақталған. Әкімшілік кодекстің 612-бабы бойынша барлығы 2 521 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде көлігін құжатсыз басқарғандар - 1729, мүлдем жүргізуші көлігін алмастан көлік тізгіндегендер – 614, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның басқаруы - 35. Осы аралықта мас күйде көлік басқарған 233 жүргізуші анықталып отыр.
Бағдаршамның тыйым салынған түсінен 454 жүргізуші өтіп, қарсы қозғалыс жолағына 22 жүргізуші шықты. Сондай-ақ, көптеген басқа жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтар белгілі болды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жаяу жүргіншілерге, әсіресе тәуліктің қараңғы мезгілінде мұқият болу керектігін ескертеді. Жаяу жүргіншілер өтпеліне жақындағанда жылдамдықты алдын ала төмендету қажет, әсіресе балалардың күтпеген жерден келуі мүмкін жерлерде сақ болу қажет. Жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін үш айда 382 автоәуесқойға әкімшілік хаттама жасақталды. Жыл басынан бері Маңғыстау облысында 2 819 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша жауапкершілікке тартылды. Жол қозғалысына қатысушылардан талап етілетіні тек тәртіпке бағыну ғана. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншіге де, жүргізушіге де байланысты.