Маңғыстау облысы экология департаменті облыс аумағындағы жағымсыз өрт иісі бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің телефон арқылы хабарламасы бойынша департамент мамандары Жетібай ауылы, Жаңаөзен қаласы, Ақтау қаласының атмосфералық ауасына өлшемдер жүргізді.
Ауадағы жану иісі (запах гари) облыстық көлемде, яғни Ақтау Жаңаөзен қалалары, Жетібай ауылы, Маңғыстау ауданының Шетпе, Қызан, Ақшымырау, Шайыр ауылдарында да орын алып отыр. Алдын ала жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша ауада өндірістік ластаушы заттектердің (газдардың) шамадан тыс артуы тіркелінбеді.
“Казгидромет” РМК автоматты бекеттері де зиянды заттектердің шамадан тыс артуы тіркелмегендігін растап отыр. Алайда, “Казгидромет” РМК кейбір автоматты бекеттері қалқымалы бөлшектер (РМ 2,5, РМ 10) шамадан тыс артуы кейбір аумақтарды тіркелді.
PM немесе бөлшектер немесе қатты бөлшектер - ауада ілінген сұйық және қатты бөлшектердің қоспасы. Шаң немесе қатты бөлшектер - атмосферада еркін қозғала алатын, 10 микроннан аз ұсақ бөлшектер. Олар жанартау атқылауы, өрт, топырақ эрозиясы кезінде атмосфераға шығарылады.
Облыс аумағына таралған жағымсыз иістің себебі көршілес Атырау облысында орын алған үлкен көлемдегі қамыстың өртенуі. Аталған өртену фактісі бойынша Маңғыстау және Атырау облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінен хабарлама алынды.
“Казгидромет” РМК мәліметі бойынша желдің бағыты солтүстік соққандығы дәлелденді. Яғни қатты желдің бағытымен иіс жақын орналасқан облыс аумағына дейін жетіп отыр.