Ақтауда аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновпен кездесу ұйымдастырылды. Есірткіге қарсы күрес аясында ұйымдастырылған басқосуға облыс әкімінің орынбасары, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жасөспірімдерді есірткіден аулақ жүруге бағыттау мақсатында ұйымдастырылған шарада Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев спортшының өңірге келгеніне алғыс айтып, көпшілік атынан сый-сыяпаттарды табыс етті.
Аралас жекпе-жек спортының тұрақты жанкүйелері белгілі спортшы Шавкат Рахмоновқа көкейдегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
«Жақын күндері Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Әңгіме барысында жеңісіммен құттықтап, елдегі спортшыларға қолдау көрсету, үлгі болу секілді жайттар айтылды», - деді Шавкат Рахмонов.
Спортшы жасөсірімдерге өз кеңесін беріп, спорттың пайдасы туралы әңгіме өрбітті.
«Спортта жетістікке жету бір күнде келмейді. Сондықтан әрбір бала сабағын жақсы оқып, үлгілі тәртіп көрсете алуы керек. Спортты сабақпен бірге алып жүруге болады. Ең бірінші кезекте дұрыс білім алу маңызды. Сондықтан, көшеде бұзақылық жасамай, бар қарым-қабілетіңді спортзалда көрсетіп, дәлелдей білсең жетістікке қол жеткізуге болады», - деді спортшы.
Шавкат Рахмонов кішкентай күнінде кімдерді үлгі тұтқанын да атады. Ол көбіде боксшылардың жекпе-жегін үзбей қараған көрінеді.
«Бала кезімде Мұхаммед Әли, Майк Тайсондардың боксын көрген ұнайтын. Өзім де сол спортшылардай мықты болуды армандадым. Қазақстанда алғаш келгенімде самбо, тағы да басқа жекпе-жек түрлерімен шұғылдандым. Аралас жекпе-жектің сол кездері өзіме ыңғайлы спорт екенін сезіндім. Түбегейлі осыған бет бұрып, жеңістерге жете бастадым», - деді Ш.Рахмонов.
Қатарынан он жеті рет жеңіске жеткен спортшы қазір UFC рейтингісінде 3 сатыда тұр. Дүние жүзі бойынша үздік саналатын спортшы көп ұзамай өз салмағында әлем чемпионы атануына мол мүмкіндік бар.
“Қандай жағдайда болмасын жеңіске жетуге барымды саламын. Сол жолда ерінбей еңбек етіп, жаттығуды жалғастырамын. Бұйырса, келісімшарт жасалға әлем чемпионы атанатын да күн алыс емес шығар деп үміттенемін”, - деді Шавкат Рахмонов.