ҚР тергеу қызметінің құрылғанына 60 жыл толуына орай Ақтау гарнизонындағы Қарулы Күштер құрылымдарының әскери қызметшілер арасында шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz гарнизонның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық додаға Ақтау қаласындағы әскери теңіз базасы, әртекті кемелер дивизионы, теңіз жаяу әскери бригадасы, әуеге қарсы қорғаныс күштері, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы, әскери полиция, ұлттық ұлан, шекара қызметі, әскери тергеу бөлімі және авиациялық базасының әскери қызметшілерінен құралған 10 команда, 100-ден астам әскерилер қатысты.
Жарыстың мақсаты – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар әскери бөлімді анықтау. Әскерилер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, жауынгерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып, спорттық даярылығын дамыту.
-Әскери қызметшілер арасындағы шағын футболдан жарыс тартысты өтті. Себебі барлық команда шеберліктерімен өздерінің спортта осал емес екендіктерін көрсетті. Мұндай жарыстар арқылы гарнизонымыздағы әскери бөлімдерінің достығын берік қылдыру және салауатты өмірді насихаттау басты мақсатымыз болып қалады, - деді Әскери тергеу басқармасының бастығы полковник Тимур Исаков.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтау өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасы, екінші орынды - материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы және үшінші орынды – ұлттық ұланның жауынгерлері иеленді. Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер жарыс кубогымен, дипломдармен марапатталды.