Маңғыстау облысының Жетібай-Жаңаөзен бағытының 66 шақырымында автокөлігі қарға батып, өзі жоғалып кеткен көлік иесі табылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
18 ақпан күні, сағат таңертеңгі 08:25 шамасында «Тасболат Ойл Корпорэйшн» ЖШС мекемесінен солтүстік-батысы бағытында 1 ер азаматтың автокөлігі қарға батып қалып, өзі белгісіз бағытқа қарай жүріп, жоғалып кеткен.
Төтенше жағдайлар департаментінің авариялық құтқару қызметкерлері іздестіру жұмыстары барысында түскі сағат 12:30-да көліктен 14 шақырым жерге ұзап кеткен С есімді азаматты тапты. Азамат 1964 жылы туған. Көлік иесі оқиғадан соң аман-сау өз үйіне оралған.
Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі баспасөзінің хабарлауынша, өткен аптада Маңғыстау облысында 8 көліктің қарға бату оқиғасы тіркелген.
Нақтырақ айта кетсек, 17 ақпан күні Жаңаөзен-Жетібай тас жолы бойында «TоyotaEstima» маркалы автокөлігі қарға батып, құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерге сүйреп шығарылған.
Авариялық құтқару қызметкерлері дәл сол күні Жетібай-Ақтау тас жолы бағытындағы «Газель» және Құланды ауылы маңында қарға батып қалған «TоyotaНilux» маркалы автокөліктеріне жәрдем көрсеткен.
Ақтау қаласындағы «Tree of life» демалыс орнынан 7-8 шақырым жерде «ToyotaTacoma» маркалы автокөлігі сорға батып қалған. Құтқарушылар қызметі автокөлікті тросспен тарту арқылы қауіпсіз жерге шығарған. Көлікте 2 адам болған.
Ал 18 ақпан күні Жаңаөзен қаласындағы Мерей шағынауданының 76 көшесінде қарға батып қалған Жедел-жәрдем және «Газель» маркалы автокөліктеріне құтқарушылар қызметі көмек көрсеткен.
Жетібай-Жаңаөзен тас жолының 35 шақырымында қарға батып қалған «TоyotaHilux» маркалы автокөлігіне құтқарушылар қызметі көмек көрсетіп, көлікті қар құрсауынан шығарған.