«Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Елдос Бозғұловтың басшылығымен Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында әскери бөлімдер мен мекемелердің тәрбиеші-офицерлерімен және психологтарымен үш күндік жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында әскери қызметшілер тәрбие жұмысын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс-қимылдарды талдап, әскери қызметшілердің оң моральдық-психологиялық жай-күйін қолдау, әскери тәртіпті нығайту және бөлімшелерде құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Офицерлер мемлекеттік құқықтық даярлықты өткізу, сондай-ақ жас толықтыруларды қабылдау, зерделеу және қатарға қосу бойынша бірқатар ұсыныстар алды. Жиынға қатысушылар тәрбие жұмысының қорытындысын шығарумен қатар, әскерлерде тәрбие жұмысының бірыңғай әдістемесін әзірлеу және кәсіби даярлау бойынша сабақтар өткізді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Елдос Бозғұлов әскерлердегі тәрбие жұмысында әскери-патриоттық жұмыс, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру, жоғары моральдық-психологиялық ахуалды сақтау, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс сияқты көптеген бағыттар бар екенін атап өтті.
Осындай жиын Қарулы Күштерде үнемі өткізіліп тұрады. Әскери қызметшілер олардың барысында қажетті білім мен дағдыларды алады. Кейін функционалдық міндеттерін орындау кезінде тәжірибеде қолданады.