Қазақстандықтар ай сайын жалақыларының тең жартысын несиеге төлейді дейді тәуелсіз сарапшылар. Рас өтірігіне көз жеткізбек болып қала тұрғындарына сауалнама жүргіздік, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Есімім Мерей. Жас отбасымыз. Бір қызымыз бар. Үйге кіретін ай сайынғы кіріс 500 мың теңге. Ипотекамыз бар, айына 220 мың теңге төлейміз. Тұрмыстық кредитіміз бар 70 мыңдай. Жалпы алғанда 300 мыңға жуық ақша ай сайын несиеге кетеді.
- Мен тұрмысқа шықпағанмын. Бойдақпын. Есімім Айсәуле. Кредитім бар. Көлік алғанмын өзіме. Табысым -500 мың, несиеге 250 мың теңге төлеймін.
- Мен жаңадан салынған тұрғын үйде тазалықшы болып қызмет етемін.Есімім Орынша. Жалақым 150 мың теңге. Жолдасым күзетші, 100 мың теңге алады. Оны несиеге төлейміз.
- 4 балам бар. Есімім Нұрайша. Жолдасым екеуміздің табымысызды қосқанда айына 600 мың табамыз. Оның 400 мыңын несиеге төлейміз. Оның ішінде 193 мың ипотека, қалғандары тұрмыстық ниесиелер.
- Жолдасым жоқ. 3 балам бар. Есімім Марал. Кондитерлік магазинде жұмыс жасаймын. Еңбекақым -120 мың теңге. Оның 44 мыңын несиеге төлеймін.
-Есімім Сәуле. Кредитке ай сайын 600 мың төлейміз. Айына 800 мың табамыз. 600 мыңның 170 мыңы ипотека, 150 мыңы көлік несиесі, қалғаны тұрмыстық несие.
- Есімім Берік. Ешуақытта несие алып көрмеппін. Қарызға ғана сұраймын, қатты қажет боп жатса. Ағайын бар, туыс бар, дос жаран бар. Қатты мұқтаж болсам қарызға алып, сосын тез беріп тастауға тырысамын. Келіншегім де несие алмайды.
Біз сөйлескен қала тұрғындары осылай жауап берді. Көпшілігінің несиесі бар. Жас отбасыларда ипотекалық несие басым болса, орта жастағыларда тұрмыстық несие басым.
Біз олардың жауаптарын қаржы экспертіне көрсетіп, отбасылар үйге кіретін кіріс көзін қалай жоспарлауы керектігін сұрадық. Қаржы эксперті Асқар Имағанбетов қаражатты үнемдеу мен кірістің бір бөлігін жинаудың арнайы ережесімен таныстырды.
1.Қарыздан құтылмайынша жаңа қарыздар алмаңыз.
2. Кірісті ұлғайту жолдарын іздеу, уақытты тиімді пайдалану.
3. Шығыстарын оңтайландыру, кейбір шығыстарды азайту, қажетті емес шығындарды мүлдем жою
4. Барлық шығындарды туралы жазба жасау, ай сайын жазып жүру. Қайда қандай ақша жұмсалып жатыр?
5. Бір несиені жабамын деп келесі бір несие алуды доғару.
6. Несиені алмас бұрын өзіңіздің қаржылық деңгейінізді анықтап алу.
7. Қажетті сатып алуларды кездейсоқ емес, жоспарлап алу.
8. Акция, жеңілдік, 30% т.б деген жарнамаларға алданбай, кажетті нәрсені алға жоспарлап, соған сәйкесінше қаржыны бөліп бастау.