Ақтауға эвакуацияланған құлсарылықтар бүгін ас беріп, елдің тыныштығын тіледі. Іс-шара Ш.Есенов атындағы университеттің бірінші жатақханасында өтті. Аталған эвакуациялық орталыққа 292 адам орналастырылған еді, қазіргі уақытта оның тең жартысы Құлсарыға қайта оралған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ел амандығы үшін берілген асқа Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев пен облыстың бас имамы Әнуарбек Елжанов қатысып, баршаны Құлсарыны қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
- Қазақ халқы ежелден өзінің бауырмалдығымен ерекшеленеді. Қиын-қыстау күн туса, қолындағы барын береді бауырына. Себебі, өмір алма-кезек. Қазір Құлсарыда жағдай бірқалыпты тұрақталды. Осында 300-ге жуық адам бар еді, қазір тек тең жартысы қалыпты. Апаттың беті басылған соң елге барып қол ұшын берейік, қаланы қайта гүлдендірейік деген ниетпен көп азамат Құлсарыға қайтты. Айтарым - бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бәріміз Құлсары қаласын қайта қалпына келтіруге тырысайық. Ел Президенті тасқын судан зардап шеккендерге өтемақы берілетінін баса айтып жеткізді. Барлық тасқын судан зардап шегуші мемлекет қолдауына ие болады, - деді Ж. Матаев.
Айта кетейік, жатақханада университет қызметкерлері мен еріктілер, қала белсенділері тәулік бойы кезекшілік жасап барлық жағдайды қалыпты ұстап отыр.
Мұнда медициналық пункт пен полиция күзеті орналастырылған, сондай-ақ арнайы мамандардан заң көмегін де ала алады. Психолог маман да қол ұшын беріп отыр.
- Демеушілер мен қала тұрғындарының қолдауымен асхана мен балалар ойнайтын орын, киіз үй мен шатыр орнатылды. Киім, аяқ киім, тұрмыстық-химиялық заттар бәрі берілді. Барлық үй жағдайы жасалынды, - дейді университеттің әлеуметтік қолдау көрсету және жастарды дамыту басқармасының жетекші маманы Әлібек Носанов.