2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша қылмыстың 15,7%-ға төмендегені байқалады. Қылмыстың барлық түрінің ашылу деңгейі жақсарған. Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінде өткен жедел кеңесте айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13 сәуір күні ҚР ІІМ кеңейтілген Алқа отырысы өткізілген болатын. Ішкі істер министрі талаптары мен жұмыстың негізгі басым бағыттарын атап өтіп, ол барлық жеке құрамға жарияланды.
Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде жалпы Маңғыстау облысындағы жедел жағдай тұрақты..
Кеңеске Департамент басшылығы, басқарма, бөлім бастықтары, аумақтық полиция бөліністерінің бастықтары қатысты. Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаев кеңесті алғысөзбен ашып, қатысушыларды регламентпен таныстырып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде барлығы 17 ұйымдасқан қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 8 қару мен 65 бірлік оқ-дәрі, сондай-ақ ірі мөлшерде 58 кг 289 грамм есірткі заттары тәркіленді.
Есептік кезеңде барлығы 80 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның 20 қылмыс, 60 теріс қылық. Есірткіге қарсы іс-қимыл қызметкерлерімен заңсыз айналымнан 64 кг 930 грамм есірткі заты тәркіленді.
Сондай-ақ, қоғамдық орындарда және көшелерде, мас күйінде жасалатын қылмыстардың азаюына қол жеткізілді. Нәтижелерге сүйенсек, кәмелетке толмағандардың қылмыстары, топта жасалған қылмыстардың төмендеуі де көрініс табады.
Облысымызда үш айда 53 135 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушыларға барлығы 544 миллионнан астам айыппұл салынса, оның 76,7%-ы өндірілді.
Жыл басынан бері өңірде 48 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 дерекке төмендеген. Полицейлер 233 мас жүргізушіні құрықтап, 251 жүргізуші сот тәртібімен көлікті басқару құқығынан айырылды.
- ҚР ІІМ өткен кеңейтілген Алқа отырысының қорытындысы бойынша аумақтық бөліністердің қызметтеріне баға беріліп, алдағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені белгіленді. Өз кезегінде облыстың бас полицейі департаменттің әрбір бөлініс, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді, - делінген полиция хабарламасында.