Ақтауда бір жылдан астам уақыт бойы алимент өндіріп ала алмай жүрген әйел бұрынғы күйеуінің алдында енді өзі борышкер болуы мүмкін. Ер адам бұрынғы жұбайын өзін қорлағаны үшін деп айыптады. Сотта істі ар-намысты қорғау туралы бап бойынша қарайтын болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Atameken Business арнасына сілтеме жасап.
Бұрынғы күйеуі өзіне келтірілген моральдық зиянды өтеуді талап ету құқығын пайдаланып, кем дегенде 300 мың теңге моральдық өтем сұрап отыр. Осы жылдың наурыз айынан бастап енгізілген заң бойынша ар-намысты қорлау қылмыстық теріс қылық болып саналады, бұл үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 120 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстар түрінде көзделген.
Бірақ айыпталушы тарап – жалғызбасты ана 1 миллион теңгеден астам алиментті бір жылдан астам уақыт бойы өндіріп ала алмай жүргенін айтады. Жалпы, Маңғыстау өңірінде өткен жылы сот тәртібімен 50 млн теңгеден астам алимент қаражаты өндірілген.
- Біздің облыс бойынша 300-ден астам адам балаларына алимент төлемейді. Үнемі заңға сәйкес шаралар қабылданады. Борышкер алимент бойынша берешекті 3 айдан артық төлемеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Егер бұл да орындалмаса, онда материалдар сотқа беріледі және қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады, - деді Маңғыстау облысы Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы Берік Амантұрлиев.