Маңғыстау облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жыл басынан бері барлығы 80 есірткіге қарсы құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 20 есірткі қылмысы тіркелді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД-не сілтеме жасап.
Сонымен қатар, өңір аумағына синтетикалық есірткі тасымалдаған үш арнаға тосқауыл қойылды. Есірткіні шағын және ірі көлемде сақтауға байланысты 60 есірткі қылмысы ашылды.
Тәртіп сақшыларымен заңсыз айналымнан жалпы көлемде салмағы 65 келіні құрайтын есірткі заттары тәркіленіп алынды. Атап айтқанда, 62,2 келі “марихуана” есірткі заты, екі келі синтетикалық есірткі заттары және 680 грамм гашиш пен 121 грамм апиын анықталды.
Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде өткізіледі. Осы бағытта 32 профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, 255 граффити жазулары жойылды. Бұдан бөлек, есірткі мен олардың аналогтарын жарнамалайтын және сатумен айналысатын 25 ғаламтор сайттары бұғатталды.
Маңғыстау облысы ПД ЕҚҚІҚБ өңір тұрғындары мен қонақтарына, дәріхана иелері мен өзге де медициналық мекемелерге “Этизолам”, “Трамадол”, “Кетамин” дәрілік препараттарының «психотроптық заттардың» тізіміне енгізілгендігін қатаң түрде ескертеді. Сонымен бірге, аталған препараттарды лицензиясыз сақтау және сату қылмыстық жауапкершілікпен көзделетіндігін мәлімдеді.