19 шағын ауданның 14/1, 14/2, 14,3 тұрғындарының айтуынша наурыздың 29-ы күні еш ескертусіз жылуды өшірген. Тұрғындардың сөзінше былтыр жылу қазандығы күтіп-ұстау үшін Қожанова Ж.Д атты жеке кәсіпкерге берілген. Мәселенің себебін іздеген халық жеке кәсіпкердің жылу жеткізушілерге 12 миллион теңгеге жуық қарызы бар екенін анықтапты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сондай-ақ ай тұрғындар сайынғы төлемді уақытылы төлеп отырғандарын айтады. Тұрғындар газ жеткізушіге уақытылы төлем жасамаған кәсіпкер берешегін пәтер иелерінен өндіріп алмақшы деп есептейді.
- ЖК Қожанова деген келді. Келді де ол бірден біздің тарифті 128,7 теңгеге көтерді. Сол себепті біз әкімдікке, прокуратураға хат жаздық. Соңында ол кәсіпкердің 11 миллион теңгеден астам қарызы бар екенін білдік. Соны төлемесе жылу қосылмайды дейді. Ал үш айдың ішінде бұл арадағы үш үйден 11 миллион теңге қарыз қайдан шығып отыр?, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Ғалия Есембердиева.
- Біз бірнеше рет бізді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды сұрадық. Әкімдіктегілер мұның мүмкін емес екенін айтып шығарып салды. Оған да көндік, бірақ тариф ақысы тым қымбат. Мұндай бағаны қайдан алғанын түсінбедік. Біз көршілерімізбен бірге басқа үйлерге қарағанда 5-6 есе артық төлейміз, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлжан Көбесейітова.
Айта кетейік бұл үйлердегі пәтерлер әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға арнайы берілген. Соған қарамастан қазандықты күтіп ұстайтын компания ойына келген тарифті қояды дейді тұрғындар. Пәтер иелері жаңадан келген кәсіпкердің ешқандай тұрғынмен келісімшарт жасамағанын айтып отыр. Тіпті ол кәсіпкердің бет-жүзін де көрген емеспіз дейді. Ал қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек үш тұрғын үйдің ішінен кәсіпкер тек 30 пәтер иесімен шарт жасасыпты. Ал ЖК Қожанова Ж.Д Ақтау қаласының үш шағынанындағы жылу қазандығын күтіп-ұстауға жауапты екен.
- «2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде тұтынушының тауарлық газ үшін филиал алдындағы берешегі 11 миллион 700 мың теңгеден теңгеден асты. Жасалған шарттың талаптарына сәйкес тұтынушы жеткізілген тауарлық газ үшін ай сайын төлем жасауға міндетті. Көрсетілген кезең ішінде филиал тарапынан төлемдердің болмауына байланысты берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлама ай сайын жіберілді. Шарт талаптарына сәйкес 2023 жылғы 29 наурыздан бастап тұтынушы объектілері газбен жабдықтаудан ажыратылды», - деп хабарлады «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ.
«ҚазТрансГаз Аймақтың» мәліметінше кәсіпкер күні бүгін берешегінің 2 миллион 800 мың теңгесін өтеген. Дегенмен наурыз айын қоспағанда әлі 9 миллион теңгеге жуық қарызы бар деп отыр. Ал әкімдік бұл үйлер жылу қуаты мөлшерінің жетіспеуіне байланысты орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмағанын айтады.
Махаббат Нұржанқызы