Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапары барысында балық өсіру және оны жинау үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Президент атқарушы органдарға балық шаруашылығын дамытуға бағытталған бизнесті қолдауды тапсырды. Яғни, кәсіпкерлерге жер телімін бөліп, отандық өнімді тек жергілікті нарықта ғана емес, басқа елдерге шығаруға мүмкіндік беруді тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста бірнеше балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын ашылып, жергілікті әкімдіктің қолдауына ие болды.
Соның бірі – «Industrial Fish Plant» ЖШС. Кәсіпорын жергілікті атқарушы органға арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жер телімін сұрап өтініш берген. Нәтижесінде 3 жыл мерзімге жалпы көлемі 1200 гектар Тоқмақ, Жыланды және Шел мүйісі аудандарынан үш жер телімі берілді.
Сондай-ақ «CaspyAltynBalyk» ЖШС бекіре тұқымдас балық өсіру мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан қолдауға ие болды. Учаске Форт-Шевченко қаласында 0,15 га аумақта бөлінген. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта жер телімін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Дәл осындай атаудағы тағы бір кәсіпорын «Каспий Алтын Балық» ЖШС. Оған балық өңдеу және қабылдау үшін Түпқараған ауданынан 0,10 гектар жер учаскесі берілді.
Сондай-ақ «Сaspian Kuryk Balik» ЖШС Қарақия өңірінен балық пен шаян өсіру үшін 0,10 гектар жер телімін бөлді.
Ал Ақтау қаласында «NATALI COMPANY» ЖШС жұмыс істейді. 2022 жылы өсірілген кәсіптік балық көлемі 22 тоннаға жеткен, оның 7 тоннасы батыс өңірге (Ақтау, Атырау және Орал) сатылды. Кәсіпорын жұмыс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр, әкімдік бұған көмектесуге дайын.
Жеке кәсіпкерлер де балық шаруашылығын дамытуға үлес қосуда. Құрық ауылының жергілікті тұрғыны Қуаныш Сейітов балық шаруашылығын дамытуды ұйғарған. Ол үшін Қарақия ауданынан 10 гектар жер телімін берген.
Балық шаруашылығының даму әлеуеті ел экономикасына оң әсерін тигізуде. Қазірдің өзінде «Ақтау балық компаниясы» ЖШС жергілікті және халықаралық нарыққа өнімдерін шығарып жүр. Компания табиғи таза өнімдерін нарықтық бағадан 20% төмен бағада сату үшін, Ақтау қаласында дүкендерін ашуды жоспарлаған. Қазіргі таңда дүкендердің құжаты жасақталып жатыр.