Бұл туралы «EcoJer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылында "Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің жүзеге асыруымен Еуропалық Одақ қаржыландыратын "Батыс Қазақстан-қоғамдық қатысу мектебі" жобасының шеңберінде «Тұрыш ауылы тұрғындарын экологиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау процессіне тарту арқылы экологиялық мәдениет қалыптастыру» жобасының кезекті іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ауылдық округтың шаруа қожалықтары мен белсенді азаматтары "Табиғи орта" Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының және Бейнеу аудандық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесті.
Жоба жетекшісі, «EcoJer» қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі, "Табиғи орта" ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов пен ассоциация жанында құрылған биоресурстарды қорғау бойынша қоғамдық инспекция кеңесшісі Нұрлыхан Исмаилов киіктің Үстірт популяциясын сақтауға жергілікті қоғамдастықтарды тарту бойынша бастама туралы айтты және туристерді қабылдап, оларға әртүрлі қызмет көрсету Тұрыш ауылы тұрғындарының қолынан келетін шаруа екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Бейнеу аудандық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілі Балжан Нұрлыхан кездесуге қатысушыларға бизнес және туристік қызмет көрсету негіздері бойынша жалпылама мәлімет беріп, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге "Атамекен" палатасы тарапынан қандай қолдау көрсетілетіндігін айтып, нақты идеялар бойынша көмек алу үшін өзіне Бейнеудегі палатаның кеңсесіне шақырды.
Тұрыш ауылының әкімі Өміржан Тұрарбеков әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуына жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығы туралы айтып, кездесуге қатысушылардың тарапынан берілген бизнес негіздері мен туристік қызмет көрсету негіздері бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру керек деген ұсынысты қолдады.
Кездесу соңында биоресурстарды қорғау бойынша қоғамдық инспекция қатарына кіргісі келетін ауыл тұрғындарына оптикалық құралдарды дұрыс пайдалану бойынша нұсқама берілді.