Маңғыстаудағы коммуналдық нысандарға 38 жоспардан тыс санитариялық тексеру жүргізілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бұл туралы өткен Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров мәлімдеді.
Ол 38 жоспардан тыс тексерудің 15-і су, 13-і әлеуметтік-тұрмыстық нысандарына және прокуратураның ұсынысы бойынша 10 тексеру жұмысы жүргізілгенін атады.
«Ерекше тәртіппен тексерулер қорытындысымен анықталған санитариялық бұзушылықтарға 11 айыппұл салынып, 46 құқық бұзушылықтарды жою жөнінде санитариялық ұйғарым берілген. Коммунальдық объектілерден алынған ауыз судың сынамалары «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау филиалының микробиологиялық және санитариялық - химиялық, вирусологиялық, паразитологиялық және радиологиялық зертханаларына зерттеуге алынып, судың сапасын бақылау мақсатында зертханалық санитариялық – эпидемиологиялық мониторингілеу жұмыстары жүргізілді»,-деді Асылбек Шаров.
Сондай-ақ, ол облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауыз су сапасын үнемі тексеріп отыратынын жеткізді. Оның ішінде елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін жерасты су көздері де бақылауға алынған көрінеді.
«Себебі, мұндай жерасты су көздерінің тұз құрамы жоғары концентрациясымен ерекшеленеді. Ал, тұрғындардың жобамен 50 пайызы «МАЭК - Казатомпром» ЖШС - нің тұщытылған суын, 12 пайызы жер асты су көзін және 30 пайыздан жоғары «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырлары арқылы келетін Еділ суын пайдаланады. Маусымдық санитариялық – эпидемиологиялық мониторинг барысында санитариялық–химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша теңіз суынан 1 және 2 санаттағы ашық су айдынынан сынамалар алынды. Нәтижесінде сәйкес келмеген сынамалар анықталмады», - деді Асылбек Шаров.
Тұрғындар жоғарыда аталған коммуналдық нысандарға шағымдары болған жағдайда, облыс бойынша 50-19-09 Ақтау қаласы бойынша 50-14-29 байланыс нөмірлері арқылы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласа алады.