Биыл бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың ата-аналарынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжаттарды қабылдау биыл 1 сәуірден бастап 31 тамызға дейін жүзеге асырылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева хабарлады.
Спикердің айтуынша, осы жылы 1-сыныпқа 6 жастағы және 6 жасқа толатын балалар ата-анасының немесе білім алушылардың заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады.
- Ата-ана алдын-ала мектепті белгілеп, egov.kz веб-порталы арқылы өз өтініштерін тапсыра алады. Өтінішті үй жағдайында халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мектептерде орналасқан өзін-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тапсыруға болады. Биыл 1-сыныпқа қабылдаудың басты ерекшелігі - лицейлер мен гимназияларға қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Барлық балалар дайындық деңгейлеріне қарамастан тең мүмкіндікке ие болады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты 1-сынып оқушыларына психологиялық қысымды азайтуға бағытталған, - деді Клара Құлатаева.
Гимназиялар мен лицей сыныптарына өтініш беру 1 сәуірден бастап сынып толымдылығы қалыптасқанға дейін жүзеге асырылады.
Сондай-ақ брифинг барысында мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы туралы айтылды.
• Ақтау қаласындағы Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, Білім-инновация лицейі және Жаңаөзен қаласындағы Білім-инновация лицейіне 2024-2025 оқу жылына қабылдау конкурстық негізде жүреді. Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына үміткерлердің құжаттарын тіркеу биыл 1 ақпан мен 15 сәуір аралығында www.qabyldau.daryn.kz порталы арқылы жүргізілуде. Конкурс республикалық «Дарын» орталығы белгілеген мерзімде бекітілген кестеге сәйкес өтетін болады. Ал БИЛ мектептеріне конкурсты «Білім-инновация» халықаралық қоры өткізеді. Облыстағы қалған барлық мекемелер 1 сыныпқа конкурс, емтихансыз қабылдайтын болады. 5 сыныптан және одан жоғары гимназия, лицей сыныптарына мектеп жарғысына сәйкес конкурстық негізде қабылдайды, - деді Клара Құлатаева.
Сонымен қатар, спикердің мәліметінше, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздеріне ұсынылған құжаттардың және деректердің сенімсіздігін анықтау, ұсынылған құжаттардың Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі және сынып-жинақталымының (комплектісінің) шамадан тыс толуы жатады.
Жаңа оқу жылында 20 мыңға жуық оқушы қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның 7 мыңнан астамы Ақтау қаласының мектептеріне қабылданады. Өткен оқу жылында 20 мың бала 1 сыныпқа қабылданған.
1-сыныпқа қабылдауға қажет құжаттар тізімі:
• баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
• 052-2/у нысаны бойынша денсаулық паспорты;
• 065/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат (екпе картасы);
• 3х4 көлеміндегі фотосуреттің екі данасы.
• қажеттілігіне қарай ПМПК тұжырымдамасы (ерекше білімді қажет ететін балалар үшін).