Қаламыздың жаңадан салынған жоғары шағын аудандарында жасыл-желек жоқтың қасы. Жыл сайын көгалдандыру жұмыстары жүргізілгенімен ағашы аз Ақтау әлі жасыл-желектің жұпарын сезініп отырған жоқ. Осынау ағашы сирек, зәулім, биік үйлердің қатарында «Өрнек» атты тұрғын үй көзге ерекше шалынады. Себебі үйді айнала қоршаған ағаштың небір түрлері, бау-бақша, тіпті үй жанында шағын паркі де бар. Үйеңкі мен қарағаш, көктерек пен жөке, жеміс ағаштары мен гүлдердің сан түрі мен мұндалап, көктем лебі сезілгеннен бүршік жарып, бір-бірімен таласа бой көтерген бұталар, тіпті қысы-жазы жасыл күйінен ауыспайтын шыршаны да осы үйдің жанынан табасың. Мамыр айында гүлдеп, жазда құлпыратын жасыл-желекті жел тербегенде маңайды бұрқыраған әдемі иіске бөлейді. Ал осынау көз тоятын көркемдікті бір адамның жасағанына сенесіз бе?
Бағбаншылықты жанына серік еткен Базаргүл Бугасова өзі тұратын үйдің жан-жағын көгалдандырып, ағаш егіп, гүл жайқалтып жүргеніне 7 жыл. Ұзақ жыл өңірдегі су барлау мекемесінде қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан соң құр қарап отырмайын деп, екі қолға бір күрек алып бастаған ісі бүгінде нағыз сүйікті хоббиіне айналды. Жасы 68-ге келсе де әлі күнге дейін жасыл-желекті өзі қадағалап, арам шөптерінен тазартып, бұтақтарын қиып, түбін қопсытып, еккен тал, ағаштарының басы-қасында өзі жүреді.
– 2017 жылы осы тұрғын үйге көшіп келдім. Үй айналасында да, көше бойында да өсіп тұрған бір тал жоқ екен. Содан білегімді түріп іске кірістім. Көшеттер әкеліп, отырғыза бастадым. Жеміс талдарын да ектім. Гүлдер өсірдім. Ақтауда сатылмайтын тұқымдарды санаторийге барғанда Ташкенттен, Шымкенттен алып келіп жүрдім. 7 жылдан бері көшеттерім өсіп, үлкен ағашқа айналды, жеміс талдарым да жемістерін берді. Балалар жаз, күз бойы жеміс теріп, қызығын көреді. Алғашында қорлықты осы балалардан көргем деп күліп алды. Алғашқы 2 жыл отырғызған талдарымды балалар сындырып кетіп жүрді. Әрқайсысының үйлеріне барып, ата-аналарына ескертіп, қазір ол балалар – менің достарым. Жазда оларға балмұздақ алып беремін, есесіне олар менің талдарымды суарып береді, көктемгі жұмыстар кезінде де осы балалар көмекке келеді, жұмыстарын аяқтаған соң үйге әкеліп тамақтандырамын. Талды күту оңай жұмыс емес. Әйтсе де мен осы айналамның жап-жасыл болып тұрғанынан ләззат аламын, – дейді ол.
Базаргүл апайға көрші тұрғындар да қолғабыс етеді. Олар тыным таппай жүгіріп жүретін еңбекқор апайға көрікті аулалары үшін әрдайым алғыс айтады. Солардың бірі – Амандық Алдаберген есімді байырғы теміржолшы. Зейнеткер балаларын, немерелерін жұмсап, Базаргүлге көмекке жіберіп отырады екен.
– Базаргүлге риза боламын. Ала таңнан осы бау-бақшаны айналшықтап жүреді. Ерінбей осы ағаштардың барлығын отырғызды. Жасыл-желектің күтімі өз алдына бір бөлек қой. Ешкімге істеген ісін бәлсінбейді, тыныш қана өз шаруасын жасап, күндіз- түні талдарын баптап жүреді. Көктем, жазда айнала бейне бір орман секілді, ағаштардың жұпар иісі аңқиды. Кешке қариялар болып басымыз қосылып, шағын паркте серуендеп жүреміз,– дейді ардагер Амандық Алдаберген.
– Тұрғындардың барлығы бірдей көмекке келмейді, оншақты көршім ғана бар, мен арамшөп жұлайық, тал суарайық десем сөзімді екі етпей, көмектесуге келіп тұратын. Қазір көктем айы, жасыл желек жайқалып өсуі үшін осы күннен күтіп баптау керек. Қолымның күші келмесе тал, бұтақтарды балама қидыртамын, ағаштардың барлығының түбін әктеуге шамам жоқ, қаламызды көгалдандырумен айналысатын қызметкерлер көмектессе екен деп ойлаймын,– дейді Базаргүл Күзенбайқызы.
Бағбан апайымыз жасыл желекті суару қиындығын айтты. Жазға дейінгі уақытта бес литрлік баклажкалармен көрші-қолаң болып, баласы екеуі ағаш түптеріне құяды екен.
«Ал жазғы мезгілде қолмен су тасу қиын болып тұр. Қала әкіміне кіріп, жағдайды айтқам. Әкім сөзімді құптап, водовоз беріп, ол екі аптада бір рет келіп су құйып кетеді. Маңғыстаудың ыстық күнін білесіз, жеміс ағаштарына күніге немесе күнара су құю қажет. Сондықтан суды аптасына екі-үш рет құйып берсе екен деймін. Істеген ісімді бәлсінгендей қайта-қайта жағдай айтып бара да бергім келмейді. Жаңбыр жауса қатты қуанамын. Кейде қатты жауыннан жол жиегіне жиналып қалған суды соруға келген арнайы көліктерге жүгіріп барып, жинаған суды ағаштарға төгіп кетуін сұраймын»,– деп жымияды Базаргүл бағбан.
Әр ағаштың, әр талдың тағдырына бейжай қарамайтын Базаргүл апай олардың өсуіне қажет тыңайтқыштарды да өзі іздеп табады. Баласын ертіп, Ақшұқыр, Сайын ауылдарында жылқы бағып отырған жандарға барып, жылқының тезегін қапқа салып әкеліп, әрбір жасыл -желегінің түбіне сеуіп, көктемде құрт-құмырсқаны қашырту үшін өзге де тыңайтқыш түрлерін сатып алады.
«Қала жерінің топырағы құнарсыз, кейде еккен талдарым бой көтермей жатса, келесі жылы қайта басқасын отырғызамын, біздің климатқа сай келеді-ау дегендерін, жерге бейімделіп кететіндерін сұрыптаймын. Жиі дәрілеп, жиі суарып, ауырса емдеп отырсаң, сапалы көшет ексең Маңғыстау даласына өспейтін ағаш жоқ. Барлық мәселе күтіп баптауында. Осыған дейін үй жанына, көше бойына отырғызған талдарымның саны 500-ге жуықтайды»,– дейді ол.
Біз өмір сүріп жатқан қаламызда айналасына, қоршаған ортасына пайда келтіріп, сол ісін мақтан да етпейтін осындай үлкен жүректі табиғат жанашыры тұрады. Қаладағы ағаштардың ауа циркуляциясына әсері зор. Жасыл желектер ауаға оттегін бөліп, шаң-тозаңды өзіне сіңіреді және көшедегі шуды бәсеңдетеді. Алайда бір тал кессең, он тал ек деген тәмсілді орындап жүргендер қатары қазір некен-саяқ.
«Мен қала тұрғындарын өз ауласын, көшесін, үйінің айналасын көгалдандыруға шақырамын. Қазір көктем мезгілі, нағыз жер идіретін шақ. Осы кезде көшет әкеліп егіп, бұрыннан тұрған ағаштар болса, түбін қопсытып, ақтап, суарсаңыз, сонан соң қырық күн шілденің ыстығында суаруды ұмытпай, аман-есен сақтай білсеңіз, әрі қарай тамырланып, күш алып кетеді. Егер еккен талыңыз үлкейіп, әрбір түп мәуелі бәйтерекке айналса, ауаның тазаруына да себепші боласыз, қаламыздың да көркіне көрік қосылар еді»,–дейді Базаргүл Күзенбайқызы.
Бір адамның қолы қоғамды түзеп, айналаны әдемілікке бөлей алады екен. Бір адамның асыл мұраты мен маңдай тері дүниені бүтіндеп, көкжиекті кеңейтеді екен. Адам деген атқа лайық күн кешу деген осы болар, бәлкім. Ешкімнен ештеңе күтпей, біреу істеп береді деп қол қусырып отырмай, тек көздеген мақсатыңа шаршамай, талмай жүре беру – сенің ісіңді кішкене ғана көшет мәуелі бәйтерекке айналғандай жемісті етеді.
Анаргүл Жексембай
“Маңғыстау” газетінің 26 наурыз күні шыққан санында жарияланды