Ақтауда тыл ардагері Талап Жанжігітұлына арналған мемориалдық тақта орнатылды. Мемориалдық тақта оның тұрған үйіне, яғни 26 шағын аудан 22 үйге қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, Талап Жанжігітұлының ұрпақтары мен туыстары қатысты. Ақтау қаласының құрметті азаматы Талап Жанжігітұлы саналы ғұмырын тұрғындарды азық-түлікпен, өндірістік-тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етуге арнаған. Ол қалалық ардагерлер кеңесінде 25 жылға жуық абыройлы қызмет атқарды.
Мемориалдық тақтаны ашу құрметі ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұханов пен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Түрікменбай Тұрғанбаевқа ұсынылды. Шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, сөз сөйледі.
-Талап Жанжігітұлы өлкеміздің сауда саласын дамытуға үлесін қосты. Ардагерлер кеңесінің мүшесі болған кезде жастарға ақыл кеңесін айтып, қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Талап Жанжігітұлының есімі өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталады, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.