Соңғы 6 ай ішінде облыста 209 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 235 адам жарақат алып, 59 адам өмірден өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен үйлестіру кеңесінде айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін облыс прокуратурасының ғимаратында "Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөнінде үйлестіру кеңесінің отырысы" өтті. Жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Отырыс барысында соңғы 6 айда жол көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда азайса да, зардап шегушілер саны артқаны мәлімделді. Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жол көлік оқиғасының 90%-ы жол ережесін сақтамағаннан орын алады.
Облыста ең көп жол апаты «Ақтау-Бейнеу-Атырау» және «Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен» тас жолдарында тіркелген. Оған 2 себеп бар: біріншісі – адами фактор, яғни жол ережесін қасақана бұзу салдарынан орын алатын қайғылы оқиға. Ал екіншісі – қараусыз жүрген малға соқтығысу.
- Мәселенің алдын алу үшін мал иелеріне бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Төрт-түлікке ен салу,чиптеу, таңбалау – мәселені толық шешпесе де, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға өз септігін тигізеді. Өйткені таңба салынбаған, қараусыз жүрген малдың қатысуымен орын алатын жол көлік оқиғасын тергеу барысында мал иелері жауапкершілік алудан бас тартып жатады,- деді Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Азамат Уәлиев.
Бұдан бөлек, Координациялық кеңес аясында облыстағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселесі де талқыланды.
- Қазір қала және аудандарда жол белгілерін сызу және таңбалау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Дегенмен, ол бояулар асып кетсе 3 айға ғана жетеді. Сапасыз, арзан бояудың әсерінен белгілер көрінбей, көлік жүргізушілері мен жолаушыларға кедергі тудырады. Осы мақсатта жол белгілерін сапалы термопластикалық таңбалауды ұсындық,- деді Маңғыстау облысы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығы полиция подполковнигі Данияр Азимов.