Маңғыстау облысында бүгінде 10 «Халыққа қызмет көрсету орталығы» жұмыс істейді. Жыл басынан бері тұрғындарға 339 041 мемлекеттік қызмет көрсетілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамы egov.kz. сайтында қолжетімді. Бүгінде халықтың арасында ЭЦҚ ашу, куәлік және паспорт жасатып, ауыстыру, жылжымайтын мүлікті тіркеу, бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау секілді қызметтер сұранысқа ие.
- Тұрғындар электронды қолтаңба болған жағдайда онлайн қызметке жүгіне алады. Жыл сайын әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтерді алушылар саны артып келеді. «Egov» мобильді қосымшасы және екінші деңгейлі банк қосымшаларынан кез-келген құжаттар мен анықтамалардың электронды нұсқасын телефон жадына жүктеп, шығарып алуға болады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысының PR-менеджері Жадыра Шалабаева.
Айта кетейік, ХҚКО жұмыс күндері сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі күндері 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.